Алматыда «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты ғылыми конференция өтті 

Бүгін Алматыдағы Достық үйінде түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақ-қырғыз бауырластығын бекемдеуге үлес қосқан жыр алыбы – Жамбылдың 175 жылдығы қорытындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сонымен бірге қырғыз халқының көрнекті перзенттері Жүсіп Абдырахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жүсіп Абдырахманов 1920 жылдары Алматыда тұрып, қалалық комитеттің жауапты хатшысы, кейіннен Талдықорғанда комитет хатшысы лауазымды қызметтер атқарған. Ал Қасым Тыныстанов қырғыз әліпбиінің бастауында тұрған тұлға. Ғылыми жиын барысында Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған іргелі еңбектердің тұсауы кесілді. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қырғыз қайраткері Жүсіп Абдырахмановтың Алматыда тұрған мекенжайын анықтап, ескерткіш тақта орнату қажеттігін айтты.

Сүйүнбек Касмамбетов, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы:

– Қырғыз-қазақта төмендегідей сөз айтады. Кереге кенен болса, ел келеді, уық ұзын болса жел келеді. Түндік биік болса, нұр келеді деп. Қырғыз қазақ нұрдан біткен, елден біткен. Бұлардың ырлары дағы, білектері де, ниеттері де бір.

Жансейіт Түймебаев, әл-Фараби атындағЫ ҚАЗҰУ ректоры, түркітанушы ғалым:

– Тарихтың бізде әлі ашылмаған жаңа қырлары қазақ-қырғыз зиялы қауымының, алашордашылардың үлкен еңбектерінің қазір ашылып, жарыққа шығуы қуаныш. Соларды зерттеуміз қазақ-қырғыз достығы мен шығармашылығына, ғылыми байланыстарына жаңа беттер ашылып тұр деп ойлаймын. Қасым Тыныстанов пен Жүсіп Абдырахмановқа байланысты қазақ-қырғыз ғалымдарына ортақ болашақта үлкен ғылыми жұмыстарға зеррттеулерге себеп болады деп ойлаймын.