Қазақ суретшісі Орал Таңсықбаев өзбектің бейнелеу өнері мектебін қайта құрған тұлға

Өзбек Гогені атанған қазақ суретшісі. Орал Таңсықбаев Өзбекстанның бейнелеу өнері мектебін қайта құрған тұлғалардың бірі. Ол өзінің сүйікті қаласы Ташкентте дүниеге келіп, өмірінің көп бөлігін сол жерде өткізген. Суретші классика, халық өнері, батыс еуропалық авангард үлгілерімен жұмыс істеген. Қылқалам шеберінің еңбектері көптеген халықаралық көрмелерде орын тапқан. Сондай-ақ Орал Таңсықбаев «Қалқаман-Мамыр» атты қазақтың алғашқы балетіне арнап, костюм үлгілерін салғанын да ерекше атап кету керек. 

Өзбек Гогені атанған Орал Таңсықбаев бұл үйде 7 жыл тұрған. Атақты суретші мұнда 1967 жылы Ташкентте болған жер сілкінісінен кейін көшіп келген екен. Музей ішіндегі заттар сол күйі қылқалам шебері тұрған кездегідей сақталған. Ал келушілердің назарына КСРО Халық суретшісінің 150-ге жуық еңбегі ұсынылған. Суреттердің дені Қарақалпақстандағы Савицкий атындағы музейде орын тапқан екен.

Наринэ Багдасарян, О. Таңсықбаев музей-үйінің ғылыми қызметкері:

- Орал Таңсықбаев қарапайым шаруалардың отбасында дүниеге келген. Әкесі шарап зауытында жұмыс істеді. Дүниеден ерте озған. Кейін Орал Таңсықбаев та сол кәсіпорында еңбек етті. Сол кезде кескіндеме өнерімен айналыса бастайды. Сосын академик Розанов ашқан студияда жұмыс істеп, өзінің өнердегі бағытын нақты айқындайды. Кейін Пенза қаласында көркемсурет училищесін оқып, кәсіби түрде сурет салумен айналысады. 

Орал Таңсықбаевтың негізгі еңбектері пейзаж жанрында жазылған. Өзбек жерінде туған қазақ баласы көк жайлауды, әсем табиғатты суреттеген. Ол классика, халықтық өнер, батыс еуропалық авангард үлгілерімен жұмыс істеген. Қылқалам шебері тарихи отаны Қазақстанға да бірнеше рет барып еңбек еткен. Мәселен, 1938 жылы Алматыдағы опера және балет театрында қойылған «Қалқаман-Мамыр» атты алғашқы қазақ балетіне арнап костюмдердің үлгілерін салған.

Наринэ Багдасарян, О. Таңсықбаев музей-үйінің ғылыми қызметкері:

- Бұл картина Таңсықбаев өзінің зайыбымен Алматы маңындағы саяжайында болғанда салынған. Суретші кешке қарай майшаммен әйелінің суретін салып отырады. Біраздан кейін сыртқа шығып таза ауамен демалып қайтайын дегенде керемет табиғат көрінісіне тап болады. Бірақ дәл сол кезде қол астында артық кенеп бола қоймаған. Елизавета Яковлевна жұбайының күйзеліп кеткенін көріп, портретті кейін саларсың, қазір мына табиғат көрінісін сал деген екен. Көріп тұрғандарыңыздай, портрет сол күйі салынбады. Есесіне «Алматының қысы» деп аталатын тамаша пейзаж бар.

Орал Таңсықбаев пен Елизавета Яковлевна 42 жасында отау құрған. Балалары жоқ екен. Даңқты суретші 1974 жылы Нүкіс қаласында өзінің көрмесін ашуға барғанда денсаулығы сыр беріп, қайтыс болған. Өзбекстанның бейнелеу өнері мектебін қайта құрған тұлғалардың бірі Орал Тасқынбаев тұрған үйдің музейге айналуына әйелі Елизавета Яковлевна бастамашы болыпты.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов