Францияда қазақтың бас ақынына ескерткіш орнатылды

Францияда Абайға арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Кемеңгер ойшылдың мүсіні Париждегі ең әсем аудандардың бірі – ақындар саябағында орнатылды.  Оның айналасында орыс және француз ақындарының ескерткіштері тұр.

Француз әншісі Мэлвин өмірінде алғаш рет «Айттым сәлем, Қаламқас» өлеңін орындады. Ал Париж шаһары қазақтың ұлы ақыны мен ағартушысының есімі мәңгі сақталған қалалардың қатарына қосылды.

Париж мэриясы Қазақстан тарапының бастамасын қызу қолдап, бірлесіп еңбек атқарды. Ескерткіш авторы - Ербол Зиябеков. Оны салуға мемлекеттік қаржы жұмсалған жоқ. Бұл жобаға Франция мен Қазақстан кәсіпкерлері демеуші болды.

Арно Нгатча, Париж қаласы мэрінің орынбасары:

– Париждегі ақындар саябағында Абайға тағзым еткенімізге өте ризамын. Бұл сіздердің ұлы ақындарыңызға қаламыздың атынан көрсеткен құрметіміз және мәдени салада Париж бен Нұр-Сұлтан арасында туындап жатқан ынтымақтастығымыздың белгісі.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

– Ол біздің екі мемлекеттің мәдениетінің одан әрі жақындасуына өзінің септігін тигізеді. Осы іс-шараға Нұр-Сұлтаннан арнайы делегациямен келіп қатыстық. Сонымен қатар Париж мэрімен бірге осы екі қаланың арасында әлеуметтік, экономикалық және мәдени қарым-қатынастарды нығайту жөнінде құжатқа қол қоямыз.

Екі елдің қала басшылығы бұл ескерткіш екі ел астаналарын жақындастырудың алғашқы қадамы деп санайды. Жақын арада қос шаһар ынтымақтастық келісіммен қол қоюды көздеп отыр. Ал осында тұратын қандастарымыз үшін Абай ескерткіші ерекше орынға айналатыны сөзсіз.

Берлин Иришев, Франциядағы қазақтар қауымдастығының президенті:

– Бұл бізге өте маңызды мақтаныш әрі қуаныш. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты көптеген іс-шара өтіп жатыр. Олардың ішіндегі ең маңыздысы мына Абай ескерткішінің Париж төрінде ашылғаны.

Париж қазақ ғұламасының есімі мәңгі сақталған Францияның екінші қаласы. Осыдан бес жыл бұрын Абай мүсіні Ренн қаласында орнатылған болатын.

Айта кету керек, бұл қаладағы бір саябақ «Алматы» деп аталған.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан