«Барыс Generation» телехикаясы «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартады

«Хабар» арнасында тұсаукесер. Бүгін 22:30-да «Барыс Generation» атты жаңа телесериал көрерменге жол тартады. Хоккей тақырыбына арналған тұңғыш отандық туынды арнаның Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған тартуы.

- Хоккей это война!

Алаулаған албырт сезім, үйішілік кикілжің, спорттағы шиеленіс пен жас бапкердің тұлғалық өсуі. «Барыс Generation» телехикаясының сюжет желісіне арқау болған драмалық шешім міне осындай. Тақырыптың тұздығы ретінде мұздағы арпалыс келтірілген. Хоккей туралы 15 сериялы хикаяда көрермен көпке әлі таныла қоймаған актерлер мен кәсіби хоккейшілердің ойынын тамашалай алады. Мәселен, киноиндустрияға жаңадан аяқ басқан Әлішер Исмаилов бұл сериал өзіне кәдімгі сын болғанын жасырмады.

Әлішер Исмаилов, актер:

- Иә, мен спортпен айналысатынмын, бірақ командалық түрі емес еді. Негізі күрес, жекпе-жек деген сияқты спортқа әуес болатынмын. Шынын айту керек, қиын болды. Басында тіптен қиналдым. Хоккейші жігіттер көп көмектесті. Түсірілімге дейін еш жатыққан жоқпыз, шындығын айтайын. Бірден түсірілім басталған кезде хоккейшіге айналуларың керек деді. Режиссер бірден хоккей ойыншысы бол дегенде, амалсыз хоккей ойнап кетуге тура келеді.

Ия, мұз үстінде әккі хоккейшілердің қимылын айнытпай келтіру оңай емес. Оның үстіне сериалдың көп бөлігі елорадағы «Барыс Аренада» түсірілген. Яғни шығармашылық топ мұз айдынындағы оқиғаның барынша шынайы шығуына күш салды. Түсірілім уақыты 2,5 айға созылған. Телетуындының алғашқы көрсетіліміне қатысушылар спорт жанрындағы сериалға оң бағасын берді.

Серік Сәпиев, Олимпиада чемпионы:

- Хабар телеарнасын осындай тамаша сериал түсіруімен құттықтаймын. Үзінділерін көріп шықтым. Жігіттер шығармашылық тұрғыдан тамаша жұмыс тындырған. Сериалды қызықты етіп түсіріпті. Спорт туралы осындай сериалдардың шығып жатқанынан қатты қуанамын.

Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:

- Жалпы өздеріңізге, барлығымызға мәлім. Әсіресе пандемия кезінде жалпы денсаулыққа, күш-қуат үшін спорттың маңызды екенін барлығы көріп, біліп, түсініп жатыр. осындай бағытта осындай сериал шығып, сол спортпен айналысу керек екенін жастарға насихаттағаны өте маңызды.

Әділ Орынбасарұлы, «БАРЫС GENERATION» сериалының әкімгері:

- Енді оның бағасын әрине халық береді. Дегенмен де, өздеріңіз білесіздер осы хоккейге әр ойын сайын, әр матч сайын сұраныс өте жоғары. Тіпті билеттерді де таба алмай жатады. Орындар да болмай жатыр. сондықтан біз ойлаймыз, халықтың көңілінен шығады деген сенімдеміз.

Қазақстандық «Барыс» хоккей командасының жанкүйерлі көп. Ал телехикаяны тамашалағаннан кейін сол көпшіліктің қарасы қалыңдай түседі деген үміт бар. Сериал атауы да осыны көздегендей. Әр бөлімі 40 минутқа шақталған телехикая бүгін «Хабар» арнасында 22:30-да көрерменге жол тартады.

Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев, Аян Сәрсенбаев

Сондай-ақ...