Алматыда қазақ ою-өрнегінің этнографиялық атласы жарық көрді

Қазақы нақыштар, көбіне орынсыз қолданылып жүр. Осыған орай елімізде алғаш рет ою-өрнек атауы тізімге алынып, басылымға енді, деп хабарлайды Хабар 24.

Кітап «Қазақ халқының ою-өрнектерінің этнографиялық атласы» деп аталады. Авторы суретші Ералы Оспанұлы. Ол өз еңбегінде ою-өрнектердің пайда болуы, оның түрлері, нышаны мен мән-мағынасы туралы мағлұмат береді. Оған ою-өрнектің 600-ге тарта нұсқасы мен 1000-нан аса атауы кірді. Оюды оқуға болады. Бұрын үйге келген қонақ алаша мен басқұрдың, текемет пен сырмақтың оюларына қарап, сол отбасының қай рудан, қандай әулеттен шыққандығын сұрамай-ақ білген. Мұны суретші Ералы Оспанұлы жақсы түсінеді. Ол 10 жыл бойы өю-өрнекті жинап қана қоймай, оның мән-мағынасын ашуға тырысты. Еңбегінің нәтижесі, міне, кітап болып басылды.

Ералы Оспанұлы, суретші:

– Алашаларда ергенек өрнек деген бар. Ергенек деген ағаш үйдің кіре берісінде саты сияқты ағашты жасап қояды. Мал кірмесін, ит кірмесін деп. Оюдың өзіне қарасаңыз ол ешқандай ергенекке ұқсамайды. Сөйтсем бұл киіз үй, киіз үйдің есігін жауып тұрған ергенек. Алашадағы ою ауылды бейнелейді.

Ол тіпті ою іздеп Қытай, Монғолия, Ресей асып қайтқан. Қырғыз, өзбек, қарақалпақ, ноғай ағайындардың да ою-өрнектерін де електен өткізген. Кітабында өрнектерді жан-жануар, құс, өсімдік таңбалы деп ерекшелігіне қарай топтастырды. Оның бояуында да көп сыр жатыр.

Ералы Оспанұлы, суретші:

– Жалпы бізде мынау оюға терең бойлаған адам болмаған екен. Барлығы мына қолөнердің бір саласы ретінде қысқаша қайырып айтып кетеді. Ескі атаулары жаңа атаулармен өзгеріп кеткен. Геометрия деген пән бар. Дөңгелек төртбұрыш. Үшбұрыш деген. Олардың ескі аттары шаршы ою, табақ ою, үшкіл ою деген сияқты.

Суретші әрі сарапшы Ерлан Қожабаевтың айтуынша, ою-өрнектің ашылмаған сыры көп. Мәселен, қыздарға гүл тәрізді немесе қарлығашты, ұлдардың киіміне найзаның ұшы, бүркіт, қошқар мүйіз секілді өрнектерді салған. Ал төсеніште қолданылатын оюлар бас киімге салынбаған. Мәселен, «Итқұйрық» ешқашан бас киімге қолданылмаған. Ол «дұшпаның төмен болсын» деген ниетпен көбінесе шалбардың балағына өрнектелген. «Сондықтан осы сала өкілдері киім дизайнерлері ою-өрнектің мағынасынан хабардар ететін курстан өтуі тиіс»,-деп санайды сарапшы.

Ерлан Қожабаев, суретші:

– Бұрын қазақтар белден түспейтін оюлар, иықтан түспейтін. Иықтан көтерілмейтін оюлар болады. Белден көтерілмейтін оюлар болады. Әйелге арналған, еркекке арналған. Көбі түсінбейді, шатастыра береді. Кейбірде әйелге арналған балалы бол, ұрпақты бол деген оюларды ерекектерге тағып қояды. Әлде бейіттің басына қойылатын оюларды тірі адамға салып алады.

Ою-өрнек атласына мақал-мәтел, жұмбақтар да енді. Сондай-ақ Ералы Оспанұлы «Қошетер – қазақ халқының қолөнері» альбом кітабын да көпшілікке таныстырды. Онда ежелгі қазақ халқының өмір-тіршілігін, болмысын, рухани мәдениетін, дүниетанымын дәріптейтін ұлттық бұйымдар жайында жазылған.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев