Бельгияда ежелгі қазақ мемлекетінің карталары кітап болып шықты   

Брюссельде қазақ мемлекетінің сирек кездесетін 130 картасы енгізілген картографиялық кітап шықты, деп хабарлайды Хабар 24.

Ол Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен жарық көрді. Атлас – халықаралық ғылыми орталықтардың әлемдік коллекцияларды 15 жылдық зерттеуінің нәтижесі. Бір қызығы, 1562 жылы жасалған алғашқы картаны Бельгияның Антверпен қаласында ғалым Герард Меркатор басып шығарған. Атлас авторы әрі саясаттанушы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың айтуынша, сол кездегі еуропалық және америкалық ғалымдардың карталары Еуразияның зерттеушілері мен жиһанкездеріне бағдар болған және оларға XVI- XIX ғасырлардағы қазақ мемлекетімен дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар орнатуға көмектескен.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, саясаттану ғылымының докторы, профессор:

– Қазақ мемлекетінің атаулары еуропа тілдерінде атап айтқанда, латын, ағылшын, француз, итальян, фриз, валлон және неміс тілдерінде өте ұқсас келеді. Яғни «Kasaki», Khasaks», «Kaski Tartari», «Kassakia», «Cassaqy», «Kassakia Horda», «Independent Kassaks», «Independent Kasaks Turks». Біздің ұрпақ осы карталарды көруі керек. Олар өз елдерінің әрдайым мемлекет болғанын білуі шарт.