Қорғалжын маңынан орта ғасырлық қыш құмыра табылды. Таңқаларлық жайт құмырадағы 6 литр сұйықтық құрамы еш өзгерместен сол күйі сақталған. Археологтар мұндай жәдігер Қазақстан бойынша ғана емес, тұтас Еуразия аумағында алғаш рет табылып отыр дейді. Құнды құмыра орта ғасырдың үш бірдей кезеңінен, яғни Алтын Орда, Жошы хан қағанаты мен Керей-Жәнібек құрған қазақ хандығы тұсындағы өркениеттен сыр шертеді. Сонымен құмыра ішіндегі сұйықтық не екен?
- Ауыр ма екен?
– Амфора тәріздес қыш ыдыс. Биіктігі 43 сантиметр.
Сыйымдылығы 6 литр қыш құмыраның салмағы зілдей. Ал археологиялық құндылығы тіптен өлшеусіз. Археология маманы Серғазы Сәкенов «орта ғасырлық жәдігер тарихи тың тұжырымдама жасауға негіз болады» дейді. Қыш ыдысты қазып алғанда мамандардың таңданысында шек болмады. Өйткені орта ғасырлық ыдыс ішіндегі сұйықтық сол күйі сақталған екен.
Серғазы Сәкенов, А.Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
– Ішінде сұйықтығы бар қыш ыдыс бұл алғашқы рет табылып отыр. Ол өзіміздің бас қаламыз, Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы, Қорғалжың маңындағы орта ғасырлық Бытықай қаласынан табылып отыр. Және бұл археологиялық ғылымда бұны институт дейді. Сол кезде 700 жыл бұрын қыш ыдысқа құйып, жерге қазып, көміп кеткен күйі табылған. Ешқандай өзгеріссіз, осындай біздің күнге дейін сақталып қалған.
14-15 ғасырда көмілген құмыраның ішіндегі қара қою сұйықтық – табиғи битум болып шықты. Бұны жуырда шыққан сараптама нәтижесі көрсетті. Археологтар битумның нақты өндірілген мерзімін анықтау үшін шетелге зерттеуге жібермек. Серғазы Сәкенов орта ғасырларда битум негізінен қорғаныс мақсатында, яғни жебелерді малып, от қою үшін қолданылғанын айтады. Алайда мына құмырадағы жанғыш сұйықтық өндірістік мақсатта пайдаланылған көрінеді.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Қазба жұмыстары кезінде қыш құмырадан бөлек құмнан күйдірілген мынадай кірпіштер мен үлкен диірмен тастар табылды. Бұл да құмыра ішіндегі битумның тек өндірістік мақсатта қолданылғанын білдірсе керек. Ал төртбұрышты, жалпақтау келген мынадай кірпіштердің біркелкілігі сол кездің өзінде құрылыс стандарттарының қолданылғанын білдіреді. Бұл да өркениетті мемлекеттің қалыптасқанының белгісі.
Серғазы Сәкенов, А.Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Ол жерде үш пеш табылған. Бірінші пеш арнайы үлкен-үлкен кірпіштерді күйдіру пеші. Екі пеш, арнайы глазурьді балқыту пеші табылды. Одан кейін қасында қатты минералдарды ұсатып, оны порошокқа айналдырып, одан кейін ол порошоктарды ерітіп содан глазурь шығаратын диірмен тастар табылды. Бүкіл өндірістің циклі сол орыннан табылып...Енді ол дегеніміз археология ғылымына қандай маңыздылығы бар дедік? Сол деректерге сүйеніп, кірпіштердің стандартына байланысты оның декорына байланысты біз оны шамамен 14-15 ғасыр деп шамамен мерзімдеп отырмыз.
Демек, орта ғасырларда Нұра-Есіл өзендерінің бойында қала мәдениеті дамыған. Оған қазба кезінде табылған көне өндіріс орны дәлел. Бытықай қалашығының халқы табиғи битумды өндіріп, түрлі-түсті шынымен өрнектелген кірпішті жасай білуі өндірістік технологияны жетік меңгергенін аңғартады. Оған қоса дәуірлес көне қалашықтардың архитектурасында ұқсастық бар. Демек, олар сол кезде біртұтас мемлекеттің тұсында дамыған.
Бақыт Топтаева, Ырыстанбек Оспанов