Қазақстандық дизайнер Берлин жұртын тәнті етті

Германия астанасында қазақстандық дизайнерлердің көрсетілімі өтті. Төрт бірдей брэнд өз коллекциясын әкелді. Олардың арасында жас модельер Айдана Омарова бар. Ол Берлин жұртын қазақтың ұлттық киімімен тәнті етті. 

Жас болса да сән әлемінде жетістікке қол жеткізген Айдана Омарова Берлинде «Омабель» мен «Айдана Омарова – Кутюр» атты қос брэнд топтамасын алғаш рет көрсетті. Бас аяғы 20 сән үлгісі паш етілді. Олардың арасында бірегей үлгілер, бас киімдер мен өзге де аксессуарлар бар. Бұлардың бәрі Германия жұртшылығына арнайы жасалған. Игі шараға Қазақстан елшілігі бастамашы болды.  

Айдана Омарова, дизайнер:

– «Омабель» еуропалық стильдегі, ал «Айдана Омарова – кутюр» қазақтың ұлттық стильдегі үлгілер. Бұл - Берлинде ғана көрсетіліп отырған бірегей коллекция. Топтамаға барлық жанымды салдым. Киімдерді сұраныс түсе салысымен бір айдың ішінде тез тігіп шықтық. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінен түсіп жатқан тапсырыстар көп. Барлығына үлгеріп жатырмыз.

Ұлттық нақыш, қолөнер және өзіндік стиль. Берлин сән әлемінің өкілдері Айдана Омарованың жұмысын жоғары бағалады. Ал көрсетілімнен кейін барлық жинағы бірден сатылып кетті.

Лилия Долдырина:

– Мен Айдана Омарованың үлгісін киетініме өте қуаныштымын. Менің ойымша, оның сезімі өте нәзік. Оның киімдеріндегі түстер керемет үйлескен. Оларды күнделікті тұрмыста ғана емес кез-келген салтантты шараға да киюге болады. Ұлттық нақыш тартымды көрсетілген.

Биыл дизайнер Миландағы сән апталығына қатысып, Дубайда дүкенін ашты. Модельер неміс нарығына шығып, еуропалықтарды әйгілі алаңдарда өз брэндімен тәнті етуді тоқтатпайды.  

Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский