425,02 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

  • 206
  • UPD: 16:28, 11.12.2021

«Ел бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты, деп хабарлайды Хабар 24.

Алып шаһар тәуелсіздік жылдары көркейіп, халық саны бірнеше есеге өсті. Шараға жиналғандар қалада атқарылған игі істер туралы айтты. Мемлекеттік хатшы мен қала әкімі шаһардың өркендеуіне үлес қосқан түрлі саланың үздіктеріне мемлекеттік награда табыс етті.

Айта кету керек, тәуелсіздіктің 30 жылында Шымкент қаласы да қарқынды дамыды. 

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

– Осы жылдар ішінде еліміздің ішкі жалпы өнімі 17 есе өсті. БҰҰ, ЮНЕСКО, Еуродақ қауіпсіздік және ынтымақтастық сияқты ірі халықаралық ұйымдарға мүше болып, төрелік айтып, төріне шықтық. Осы 30 жылда мемлекет жаңғырып, ұлт қайта түледі.

Шарада 40-қа жуық қала тұрғыны Мемлекеттік хатшының қолынан марапат алып марқайды. Қырымбек Көшербаев қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық бағытында көзге түскендердің еңбегін ерекше атап өтті.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– 1991 жылы Шымкентте 52 мәдениет нысаны болса, қазір олардың саны 120-ға жетті. Спорт нысандары 337 ден 900 ге көбейді. Денсаулық сақтау нысандары    27-ден 110-ға жетті. Тұрғындардың орташа жасы 63 жастан 71 жасқа ұлғайды.

Алғыс алғандар жауапкершілік пен кәсіби шеберліктің шын үлгісін көрсете білгендер. Олар – кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, халыққа қызмет көрсету саласының үздіктері.  Сондай-ақ зауыт, фабрикаларда тер төгіп еңбек еткендер де ел ықыласына бөленді. Мүмкіндігі шектеулі Арман Кенжебай да ел дамуына өз үлесін қосып жүр. 

Арман Кенжебай, Құрмет грамотасының иегері:

– Тәуелсіздік қарсаңында мұндай құрмет грамотасын алу мен үшін үлкен құрмет. Қандай да бір қиындық болсын, оны жоққа санап, тек қана алға ұмтылған жөн. Алда армандар көп. Оның біразы орындалып та қойды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өнерпаздардың концертіне ұласты. Ал әскерилердің оркестрі партиоттық әндерді орындап, мерекенің сәнін келтірді. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы