Қарағандыда ашылған шығармашылық орталық «Қасым үйі» аталды

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қарағандыда дауылпаз ақын Қасым Аманжолывтың есімі ұлықталып, рухани, мәдени, шығармашылық орталығы ашылды, деп хабарлайды Хабар 24.

«Бермесең, бермей - ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды» – деп жырлаған ақынның туған жерінде енді өз үйі болады. Оның үстіне биыл дауылпаз ақынның туғанына – 110 жыл. Енді мұнда жыр мүшәйралары, конференциялар, өзге де рухани шаралар өткізіліп тұрады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ осында Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы «Қасым» журналының редакциясы жұмыс істейді. Орталықтың ашылу салтанатында қонақтарға арнайы ұйымдастырылған көрме таныстырылып, «Қасым тағлымы» кітабының тұсауы кесілді. Бұл күні ақын Жанат Жаңқашұлының да «Ойтамған» кітабы оқырманға жол тартты.

Кәмел Жүністегі, жазушы:

– 30 жылдықты біз қалай, немен қарсы алып жатырмыз дегенде, оның бір саласы осы «Қасым үйінің» ашылуында жатыр. Мұның арғы жағында Қарағанды облысынан шыққан үлкен жазушылар, үлкен тұлғалар тұр. Мұны үлкен бір рухани, тарихи орта қылып жіберу керек. Соған дайын тұрған дүние бұл.