Түпқараған ауданынан шыққан аниматор қыз 3 млн теңгелік грантты ұтып алды

Маңғыстаулық оқушы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алды.

Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының тұрғыны Азиза Нұрланқызы 3 миллион теңгені олжалады. Дарынды жасқа бұл жүлде мәдениет саласын дамытқаны үшін берілді. Ол 2 жылдан бері қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінен мультфильм жасайды.

Бұл қошемет Азиза Нұрланқызына арналады. Елордадан жеңіспен оралған шәкіртін ұстаздары мен сыныптастары құшақ гүлдерімен қарсы алды. Азиза республикада топ жарды. Қазақ анимациясының дамуына үлес қосты.

Динара Көкен, оқушы:

- Азизаның мультфильмдері телеарналарға көрсетуге өте лайықты деп ойлаймын. Бар ынтасын салып, керемет етіп шығарады. Қазақтың аңыздарын, оқиғаларын өте үлкен іс, бізге қызық. Біз оны оқыдық, естідік, көзбен көрген жоқпыз.

Азиза 2 жылдан бері ерекше мамандықты игерген. Қазақ аңыздары мен ертегілерінің желісі бойынша анимациялық фильм жасайды. Алдымен планшетте кейіпкерлердің суретін бейнелеп, қимылын сызып, кейін барлығынан сюжеттік желі құрастырады. Әрі қарай бояп, дыбыстап, музыкамен әрлейді. Әр роликке 220 кадр салады. Осылайша бұған 5 күн уақытын жұмсайды. Бүгінде қоржынында 4 мультфильм бар.

Азиза Нұрланқызы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері:

- Қазіргі кезде көп бүлдіршіндер телефон қарайды, әр түрлі желіге кіреді. Мағынасы жоқ видеолар көп. Жұмысымның мақсаты - қазақ ертегілері мен батырлар жырын анимация түрінде шығарып, тикток желілерінде дамыту. Соны дамытсам, бүлдіршіндердің рухани құндылық жақтарын тәлім-тәрбие алады.

Талантты оқушы жүлдесіне анимациялық фильмдерінің сапасын жақсарту үшін құрал-жабдықтар мен арнайы бағдарламалар алуға ниетті. Ал мектеп басшылығы алдағы уақытта Азиза Нұрланқызының жетекшілігімен мультипликатор үйірмесін ашуды көздейді. Азизаның арманы ұшан-теңіз. Алдағы уақытта шетелде білімін жетілдіргісі келеді. Сосын елге оралып, анимация саласын дамытуды армандайды.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев