Сегізінші алтын адамның көшірмесі Ұлттық музейге қойылды

Сегізінші алтын адамның ғылыми-реконструкциясының көшірмесі Ұлттық музейге қойылды. Құнды жәдігер Тәуелсіздіктің мерейтойы қарсаңында бас қаламызға жасалған ерекше тарту. Ескерткішті жасау үшін ғалымдар 2 жыл бойы еңбек еткен.

Бұл б.з.д IV-III ғасырларға жататын сармат көсемі. Киімі мен алтын әшекейлері, ұстаған қаруына қарап, беделді тұлға болғанын аңғаруға болады. Құнды жәдігер  Ақтөбе облысындағы Тасқопа қорымынан табылған. Бастысы, сан ғасыр өтсе де, Алтын адамның киімі мен әшекейлерінің бөліктері қатты бүліне қоймапты. Бұл өз кезегінде сармат көсемінің бейнесін қайта қалпына келтіруге зор ықпалын тигізген. Мүсінін суретші-реставратор Болат Атыраубаев жасады.

Болат Атыраубаев, суретші-реставратор:

– Көсем болған адамды жасау бізге оңайға соққан жоқ. Себебі көсемнің өзінің аты айтып тұр көсем деп. Қарапайым адамдардың бірі емес мұнын мінезі де сезілді бізге жасыратын ештеңесі жоқ. Бізді қадағалап тұрғандай болды. Бүкіл бөлшектерін жасаған кезде, бетін, мұрнын, мұртын барлығын қолдан жасадық қой.

Суретші-реставраторлардың еңбегіне алтын жәдігерлерді тапқан археолог ғалымның көңілі толады. Арман Бисембаев сармат көсеміне тиесілі көне жәдігерлерді 2019 жылдың қазан айында қазып алған. Содан бері оның ғылыми-реконструкциясы жасалды. Ал табылған заттардың түпнұсқасы Ақтөбе облыстық мұражайында сақтаулы тұр, – дейді мамандар.

Арман Бисембаев, археолог-ғалым:

– Маған алтын адамның қалпына келтірілген мүсіні қатты ұнады. Біз жұмыс барысында кейде талас-тартысқа түсіп жаттық. Бірақ нәтиже көңілден шықты. Біз ең бірінші Алтын адамның тұрысын өзгерту керек деген шешімге келдік. Сондай-ақ, сармат көсемінің бет-әлпетін көне дәуір адамының сұлбасына барынша ұқсатуға тырыстық.

Бүгінде қазақ жерінен алтын адам табылды десең ешкім таңқалмайды. Ал кезінде бұл жаңалық алыс-жақын елдерді елең еткізді. Осы тұста қазақ жерінен қазылып алынған құнды жәдігерлерге тоқталып өтсек. Ең алғашқы Алтын адам 1969-1970 жылдары Алматы облысы Есік қорғанынан табылды. Темір дәуірінен бері сақталып бізге жеткен сақ жауынгерінің киімі 4 мыңға жуық алтын әшекеймен безендіріліпті. Оны археолог Кемел Ақышев қазба жұмыстары кезінде анықтады. Ал екінші алтын адам 1999 жылы Аралтөбе қорғанындағы қазба жұмыстары кезінде табылды.

Атыраудың «Алтын адамы» аталып кеткен құнды жәдігер – археолог Зейнолла Самашев жүргізген қазба жұмыстарының жемісі. Тарихи ескерткіш б.з.д III ғасырға жататын сармат көсемі. Үшінші тарихи олжа 2003 жылы Шіліктіден табылды.

Оның жерлеу мерзімі біздің заманымызға дейінгі VIIІ ғасырға жатады. Тағы бір алтын адам 2010 жылы Қарағанды облысына қарасты, Талды 2 қорымынан табылды. Ал, бесінші тарихи артефакті – 2012 жылы Батыс Қазақстан облысының аумағынан қазып алынды. Ескерткіш «Тақсай ханшайымы» деген атпен танымал. Ал, «Үржар ханшайымы» – Шығыс Қазақстан   облысының байлығы. Киелі шығыс жерінен тағы бір Алтын адамның мүрдесі табылды. Ол б.д.д 8-7 ғасырларға жатады. Жәдігерлерді 2018 жылы Елеке сазы қорымынан белгілі археолог Зейнолла Самашев тапты. Қуанарлығы, тізім тағы сегізінші алтын адаммен толығып отыр. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл құнды жәдігерлер – тарихы тереңнен тамыр алған қазақ елінде көне дәуір өркениеті дамығанның белгісі.

Назерке Әбдірахманқызы, Нұрғали Мамырбаев