Nickelodeon және TiJi 2022 жылы қазақ тілінде көрсетіледі

2021 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша танымал балалар арналарының мультипликациясын қазақ тіліне аудару бойынша ауқымды жобаны іске асыру басталды.

Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және балалар контентін мемлекеттік тілде дамыту аясында жүзеге асуда. Балалар арасында жоғары сұранысқа ие TiJi және Nickelodeon телеарналарының аудиожазбаларын отандық кабельдік телевизия бойынша кемінде 600 сағат дубляждық аудару және трансляциялау жоспарлануда. Трансляция 2022 жылы басталады деп жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 29 қыркүйекте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен «Groupe M6» компаниясының телеарналар мен радиостанциялар қоржынын халықаралық дистрибуциялау жөніндегі директоры Жан-Рене Окутюрье (TiJi) өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайту және одан әрі жалғастыру ниетін білдіре отырып, жан-жақты ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды іске асыруға дайындығын білдірген болатын.

Айта кетейік, 2020 жылы қазақстандық «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Қазақстандағы балалар телеарналары мен Youtube-арналарының контентін тұтыну бойынша сауалнама жүргізе отырып, «Қазақстандағы балалар теледидары» әлеуметтік зерттеуін жүзеге асырған болатын. Сауалнамаға қатысқандардың саны: балалары бар 1200 ересек адам, яғни респондентті құрады.

Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан сауалнамаға қатысқан қазақстандықтар арасында TiJi және Nickelodeon арналары мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалардың арасында танымалдығы атап өтілді.

Осыған байланысты, белгілі Nickelodeon, TiJi балалар телеарналарымен келіссөздер басталып, 2021 жылы олардың контентін қазақ тіліне аудару бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Айта кету керек, балалар телевизиялық контентін өндірушілерді таңдау кезінде балалар телеарналарының осындай жобаларды іске асырудағы тәжірибесі мен хабар тарату тілдерінің саны да ескерілді. Мәселен, «Nickelodeon» арнасының 70 елде 22 тілде, «TiJi» арнасының 20 елде 14 тілде хабар тарату тәжірибесі бар.

Жоба мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және өскелең ұрпақ арасында ана тілін құрметтеу деңгейін арттыру мақсатындағы ҚР АҚДМ шараларының бірі болды.

«Тілді оңай әрі еркін меңгеру үшін балаларға арналған қызықты, тартымды, мазмұнды фильмдерді көрсету маңызды», - деп атап өтті ҚР АҚДМ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Ұлықбек Тналиев.

Бұған дейін Nickelodeon мультфильмдері қазақ тілінде көрсетілетіні туралы жазған болатынбыз.