Парижде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығармашылық кеш өтеді

Францияда «Forte Trio» деп аталатын қазақстандық ансамбльдің гастрольдік сапары басталды. Өнер ұжымы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығармашылық кеш өткізеді. 

Бұл Париждегі теңдесі жоқ өнер ошақтарының бірі. Оның сахнасына шығып, өнер көрсету кез келген музыкант үшін арман. Трио Форте әртістерінің айтуынша, концерт залының акустикасы таң қалдырады. Кеш бағдарламасы да соған сәйкес таңдалған. Рахманинов, Брамс, Дебюсси және қазақтың ұлттық әуендері шырқалды.

Париж тұрғындарыдың таң қалғаны алғашқы минуттардан-ақ белгілі болды. Жергілікті өнерсүйер қауымның айтуынша, трио ондаған жыл бойы бірге өнер көрсетіп жүргендей. Ал шын мәнінде, скрипкашы Шолпан Манкееваның бұл ұжымға қосылғанына бірнеше ай ғана болған.

Тимур Орманшиев, Мұрат Нарбеков пен Шолпан Манкееваның орындауындағы Керұғлы мен Япырай әні жаңа қырынан танылды.

Тимур Орманшиев, «Forte Trio» мемлекеттік триосының жетекшісі:

– Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай турне өткізіп, өнер көрсету біз үшін үлкен құрмет. Дәл осы мереке күндерін Парижде өткізіп жатқанымызға мақтанамыз.

Айта кетейік, Трио Форте концерттік гастроль аясында Париж, Мюлуз бен Нансиге барып, сапарын Лион қаласында аяқтайды.

Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан