Қарағанды облысында шертпе күйдің шеберіне арналып мұражай ашылды 

Балқаш қаласында әйгілі күйші-композитор, Қазақстанның халық әртісі Мағауия Хамзинге арналған мұражай өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Хабар 24.

Күйшінің өзі осы төңіректегі Қоңырат кентінде дүниеге келген. Ал мұражай мәдениет сарайының жанынан ашылды. Өйткені шертпе күйдің өрісін кеңейтіп, шоқтығын биіктеткен өнерпаз алғаш үлкен сахнаға Балқаш қаласындағы дәл осы металлургтер мәдениет сарайында шығыпты.

Жергілікті көркемөнерпаздар ұжымында жүріп, ұстазы Аққыздан үйренген Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлерін шебер орындап, көзге түскен. Жалпы Мағауия Хамзиннің репертуарында Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Әбді, Аққыз сынды халық композиторларының күйлері бар. Өзі де «Қосбасар», «Алтын астық», «Жайлау», «Белгісіз солдат», «Тоқырауын толғауы», «Жас қазақ» сынды қайталанбас туындылардың авторы. Олардың нотаға түскен нұсқасы, өзінің орындауындағы аудио-видео жазбалары қазір музейде тұр. Биыл Балқашта дәулескер күйшінің есімін ұлықтауға арналған дәстүрлі шертпе күй шеберлерінің байқауы 10 рет өтті.

Дәулет Қожақов, Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері:

– Шертпе күйді қалыптасрыған ұлы тұлғалардың деңгейін түсірмей, соны бүгінге жеткізген, мынау жаңа заманға жеткізген ұлы тұлғаларымыздың бірі. Сондықтан біз олардың творчествосын, өмірін жақсы білуіміз керек. Олардың елге деген қызметін мынау келе жатқан жасөспірімдерге үлгі етіп ұсынуымыз керек.