Шымкентте Алаш арыстарына арнап композициялық мүсін қойылды

Тәуелсіздік мерекесіне тарту етілген мүсін тарихи тұлғаларды дәріптеуге бағытталды, деп хабарлайды Хабар 24.

Мақсаты – алаш арыстарының еңбектері мен қайраткерлік келбетін насихаттау. Жас ұрпақтың патриоттық, отансүйгіштік тәрбиеге баулу.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:       

– Бүгін Шымкент қаласының тарихында айтулы күн болғалы тұр. Ел үшін, елдің жарқын болашағы үшін жан аямай күрескен бабаларымыздың рухы алдында ұрпақ парызы өтелуде.

Жазықсыз жапа шеккен тұлғаларға арналған кешен орталық саябақта орын тепті. Биіктігі 2 метрден асатын ескерткіш, ардақты алаштықтардың келбетін айшықтап тұр.

Сейдехан Әлібек, тарих ғылымдарының докторы:

– Ескерткіш өте дұрыс қойылып отыр. Саябақта халықтың көп жүретін жерінде. Көпшілік көреді, біледі. Құрметтейді. Жастар бұл жерге келіп, гүл шоқтарын қойып, еске алып жатса, бұл үлкен отансүйгіштіктің белгісін көрсететін іс-шара деп ойлаймын.

Алаш зиялыларының еңбектерін жіті таныған жас білім мен ғылымды игеруге бет бұрады. Озық ойлы, жан-жақты болып қалыптастады. Алаш көсемдерінің идеясын насихаттап жүрген жан осындай пікірде. Сондықтан бұл мүсіннің мәні ерек.

Әбдімәжит Сыздықбеков, «Алаш» идеяларын насихаттаушы:

– Керемет тірлік істеліп отыр. Қазақтың ұрланған тарихын, ұрланған ардақтыларын қайтарып беріп отыр. Куәсі болып отырмыз. Өте қуаныштымыз осыған. Құтты болсын барлық қазақ еліне! Мен алғаш 2010 жылдары «Алаш деп айтсаң, Алаш деген кім адам ба!?» – дейтін еді. Қазір Алашты біліп жатыр. Осыған жеттік Құдайға шүкір.

Тұғыры гранитпен қапталып, қоладан құйылған мүсіннің қала орталығына қойылғаны келген жұрттың оң бағасын алды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов