Елордада Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры кезекті маусымын ашты

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры төртінші маусымның ашылу рәсімін өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бас шаһардағы жас театрлардың бірі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында театрдың төртінші маусымын ашты. Қазақтың бас ақынының 175 жылдығына орай «Абай» қойылымын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов қойды. Бұл қойылымда Абайдың Абай болуын, үлкен қадамдарды қалай жасағанын, үлкен ойларға қалай келгенін, бала Абайдан үлкен Абайға қалай өткенін екшейтін өмір жолы  алынды.

Көрерменге ақынның жас күнін жеткізген актер Бекарыс Асқарбеков «Жас Абай» қойылымында ақынның жас күнін сомдағанын айтты. «Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Өзім үшін бір жеңіс деп есептеймін. Ақынның өлеңдерінің, қара сөздерінің астарында қандай мағына жатқанын түсіну оңай емес. Ақынның жас күнін сомдағаныма қуаныштымын», - деді.

Қойылымда Абайдың анасы Ұлжанды театр актрисасы Ажар Шәкіржанова сомдады.

Айта кетейік,  Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен 2018 жылдың 1 қарашасында ресми түрде ашылды. Құрамына Нұр-Сұлтан қаласының Номад, Назар аудар театрлары кіреді.