Елордада «Тәуелсіздік дастаны» атты мерекелік концерт өтті

«Қазақстан» Орталық концерт залында егемендіктің 30 жылдығына арналған кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Шараға отандық эстрада жұлдыздары қатысып, танымал әндерді шырқады. Игі шараның өтуіне елорда әкімдігі ұйтқы болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арнап, күміс көмей әншілер елге ерекше тарту жасады. Егемендік алған жылдардағы елдің есінде жатталып қалған танымал әндерді шырқап, көрермендерді бір серпілтіп тастады.

Құрмаш Маханов, әнші

– Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне біздің өнерпаздар үшін, тыңдарман үшін, халық үшін, осындай үлкен мереке үшін алғысымды білдіремін. Өйткені біз өзіміз пандемия кезеңінде бір-біріміздлі сағынып, бүгін мына жақта ағымыздан жарылып жатырмыз бәріміз. Керемет бәрі.

Сәкен Майғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Әкімдіктің қолдауымен мынадай керемет дүниенің болып жатқанына өте қуаныштымыз. Тәуелсіздік дастаны жалпы әуезді ән қалықтаған, ашық аспанда барлығы жақсы болу керек деп өз басымыз ойлаймыз.

Толқын Забирова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Осы 30 жылдықтың ішінде, әрине талай жетістіктерге жетіп жатырмыз. Бүгінгі концерттің өзі біз үшін үлкен жетістік. Өйткені осы пандемия уақытында 1,5-2 жылдай халқымызды, көрермендерімізді көрмей сағынып қалдық. Бүгін залда көрерменді көрген кезде өзім қатты қуанып қалдым.

Бұл кеште сахнаның безендірілуі де ерекше. Небір заманауи эффектілер қолданылған. Әншілердің образы да алма-кезек ауысып тұрады. Сол арқылы ұйымдастырушылар тәуелсіздік алған 30 жылдың әр кезеңін көрермендердің көз алдына елестетуге тырысты.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы