Көшпенділер ойындары – ЮНЕСКО мұрасы

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұраларды сақтау бойынша тізіміне енгізілді, деп хабарлайды Хабар 24. Ұлттық спорт түрлері көшпелі өркениеттердің көпғасырлық салт-дәстүрлеріне қызығушылықты жаңғыртудың бірегей мүмкіндігі ретінде қарастырылды.

2021 жылы бұл тізімге бүкіл әлемнен 59 номинация болды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұсынған Қырғызстан бұл санатта бірінші тұрған. Материалдық емес мәдени мұра – жай мәртебе емес. Бұл жаһандану үрдісі кезінде өзіндік тарихи даралықты сақтап қалу мүмкіндігі. Көшпенділер ойындары көшпелі халықтардың ұлттық спорт дәстүрлеріне қызығушылықты жаңғыртқанының арқасында ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

Азамат Жаманқұлов, Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және туризм министрі:

– Бұл ұлттық спорт түрлерін сақтаумен қатар, оны насихаттауға арналған алаң. Сондықтан бүгін ол мәдени мұраны сақтау бойынша халыаралық алаң ретінде танылды.

Көшпелі халықтардың ұлттық спорт жарысын өткізу ұсынысы 2012 жылы өткен Түркі тілдес елдердің саммитінде қолдау тапқан еді. Екі жылдан кейін Ыстықкөл жағалауында алғашқы дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оған 19 мемлекеттің спортшылары қатысты. Дүбірлі дода спорттық жарыстармен шектелмеген. Ұйымдастырушылар көшпелі өркениеттің бай мәдени мұрасымен жан-жақты таныстыратын бағдарлама да дайындаған.

Айнаш Анарбекова, волонтёр:

– Дүниежүзілік мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енсек, әрине, өз үлесімізді қуана қосамыз. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Өйткені дәстүрлерді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа қалдыру – үлкен міндет.

Қырғызстанда көшпенділер ойындары үш мәрте өтті. Соңғысы 2018 жылы өткізілді.

Айта кетер жайт, Қазақстан жүлделер саны бойынша үнемі алдыңғы қатарда болған. Қырғызстаннан кейін ойындарды 2020 жылы Түркияда өткізу көзделген еді. Алайда пандемияның кесірінен өтпей қалды. Десе де, Түркия өз жоспарынан бас тартқан жоқ. Эпидахуал жақсарса, келер жылы ұйымдастырулы мүмкін.  

Бақыт Чермашев