Шығыс Қазақстанда бірегей археология музейі ашылады

Музей құрылысына биыл 170 миллион теңге қаражат бөлінген. Ұлан ауданындағы археология музейінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Музей құрылысын Бестерек ауылынан салу кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені дәл осы жерде атақты қазақстандық археолог Зейнолла Самашев дүниеге келген. «Археология саласында сенсациялық жаңалықтар ашқан Зейнолла Самашев Берел қорғандарынан, Елеке сазы жайлауынан және Ақбауыр шатқалынан табылған бірегей олжалармен көпке танымал. Ол Шығыс Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының дамуына зор үлес қосып келеді. Осы сирек жәдігерлермен қалың жұртшылықты таныстыру үшін музей салу туралы шешім қабылданған», - деді Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев.

Сондай-ақ бұл археология музейі ғалымдардың семинарлар мен кездесулер өткізетін, ғылыми жұмыстарын ұсынатын орынға айналмақ.