Қазақ тарихында Болған ана болған ба

Қарағанды облысында Алтын орда дәуірінің ескерткіштерін зерттеу жұмысы аяқталды, деп хабарлайды Хабар 24.

Алғашқы қорытындыcы да шығып, Болған ана Жошы ханның тікелей ұрпағы екені дәлелденді. Бұл Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында ашылған айтулы жаңалық – дейді ғалымдар.  Тарихтағы айтулы тұлғалардың дәл осылай жаңғыртылуы ғалымдарымыздың елеулі жетістігі. Міне, Қарағандыдағы облыстық өлкетану музейінде өткенімізден хабар берер тағы бір бірегей жәдігер пайда болды. Ол – Болған ананың бейнесі.

Ержан Нұрмағанбетов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

– Біздің гиперреалист Айдос Есмағамбетов деген азамат кәдімгідей жан берді. Бұның әжімдеріне дейін бар. Мұны ғылымда гиперреализм деп атайды. Өзіңе қарап тұрған сияқты. Өзіңмен амандасқалы тұрған сияқты.

Қазақстан тарихындағы Алтын Орда дәуірінің маңызы зор. Мемлекет басшысының бастамасымен Қарағанды билігі 2018 жылы Ұлытау зерттеу бағдарламасын қолға алды. Қазба жұмыстары жүргізілген 4 кесенеде Алаша хан, Жошы ханмен қатар Болған ана да жатыр. Оның мәні бар. 

Түлкібай Төлеуов, облыстық тарихи-мәдени мұраларды сақтау орталығының директоры:

– Бұл іс археологиялық, генетикалық жағынан бір ыңғайланды. Оның қорытындылары өте жақсы. Біз ойлағандай. Ескерткіштердің бәрі сол дәуірге, Алтын орда дәуіріне жататынын дәлелдедік. Генетикалық сараптамадан өтті. Америка мен Жапония елдерінде. Енді соның қорытындысы бойынша бұл жатқан кісілердің бәрі бір-біріне жақын, төре ұрпақтарына жатады деп 90 пайыз мүмкіндікпен дәлелдеп отырмыз.

Болған ананың жанынан 13-14 ғасырға тән жәдігер – алтын тостаған табылды. Қошқар мүйізді ыдыстың түбінде қызғалдақ бедерленген. Аяқ киім, ұзындығы 30 см болатын пышақ, айна сынықтары, ертоқым қалдығы бар. Тарихта толықтай қалпына келтірілген алғашқы бас киім де Болған анаға тиесілі. Тура түпнұсқадағыдай. Жалпы қазба жұмыстары кезінде 10-нан аса құнды жәдігер табылған. Археологтарды тәнті еткені мына жібек шапан. 

Айбар Қасенәлі, археолог:

– Бұл жаңғыртпаның құндылығы оның шапанында деп айтсақ болады. Себебі мұндай шапандар Алтын орда дәуіріне тиесілі. Біріншіден, Қазақстанда әлі зерттелген емес. Екіншіден, Болған ана деген адамды тарихта Жошы ханның қызы деп те алады. Демек бұл адамның сол хан әулетінің айналасынан екеніне біз тағы да болжам жасай аламыз.

Зерттеу жұмысына қазақстандық қана емес, шетелдік ғалымдар да қатысты. Олар бірауыздан кесенедегі дүниелердің бәрі ханшаға тиесілі болғанын айтады. Жалпы қазба жұмыстары пандемия кезеңімен қоса алғанда 3 жылға жалғасқан. Оның нәтижесі Алтын орданың ашылмаған сыры көп екенін айғақтады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ардақ Асылханұлы, Нұрғали Мамырбаев