«Хабар» арнасында «Маска» шоуының арнайы мерекелік саны эфирге шығады

«Хабар» арнасы көрермендерін таңқалдырудан жалықпайды. Жаңа жыл түнінде құпия мен жұмбаққа толы «Маска» шоу-бағдарламасының арнайы мерекелік саны эфирге шығады. Сахнада 14 қатысушы өнер көрсетеді. Олардың қатарында тек қана әншілер мен музыканттар ғана емес, актерлер, тележүргізушілер, вайнерлер мен әзілкештер де болуы мүмкін. Мерекелік бағдарлама бүгін сағат 21:30-да көрсетіледі.

«Маска» шоуының бірінші маусымында өнер көрсеткендер жаңа жылдық арнайы шығарылымға қатыспайды. Бірақ олардың бірқатары сарапшы ретінде шақырылды. Яғни әділ қазыларға көмектеседі. Талап бұрынғыдай. Қазылар маскамен жасырынған адамның кім екенін табуы тиіс. Яғни оның дауысы, қимыл-қозғалысы мен берген жауабынан білуі керек. Бағдарламаның жүргізушісі өзгерген жоқ. Әдеттегідей шоудың тізгіні Жахан Отарғалиевта.

Жахан Отарғалиев, «Маска» шоуының жүргізушісі:

- Ең бастысы, позитивный көңіл-күй күтеді. Ең бастысы, халықтың күтіп тұрғаны сол. Тамаша көңіл-күй ең бастысы. Бұл ең басты ерекшелігі жаңажылдық шоудың кезінде хит болған әндер шырқалады. Соларды естеріне түсіріп халықтың көңіл-күйін көтереді деген ойдамыз.

«Маска» шоуында Бүркіттің елдің көзайымына айналғаны белгілі. Құс патшасы болған Әміре осы кешке құралақан келген жоқ. Ол жаңа жыл түнінде жаңа ән орындайды. Өзінің айтуынша, шоудың бірінші маусымында айтылған әндерінің бәрі бірден ел ішіне тез тарап, хитке айналған.

Әміре, әнші:

- Соның ішінде ең кең таралғаны «Қыздар-ай» әні, «Жалаңаяқ» деген ән болды. Лирикалық әндердің ішінен Рахат Тұрлыхановтың «Жүрек үні» деген. Мен 7 ән орындадым. Сол 7 әнннің әрқайсысы өзінің көрерменін тауып, барлығы хитке айналды десем болады. Өзім үшін күтпеген жағдай болды «Маска» жобасы. Осы жаңажылдық кеште «Маска» жобасының жаңажылдық кешінде Ерке Есмаханмен дуэт орындаймыз жаңа әнімізді.

«Маска» шоуы қатысушылардың әр қырынан көрінуіне мүмкіндік берді. Бұл көрермендер үшін де өзіміз үшін де тосын жаңалық болды», - дейді Арқар болып өнер көрсеткен Нұрболхан Шарапов.

Нұрболхан Шарапов, шоумен, блогер: 

- «Маска» шоу өнерде жүрген жандар үшін, мүмкін сахнада стилін таба алмай жүрген, бұрыннан көріне алмай жүрген әртістер болса, солар үшін бір стилін қалыптастырып берді десек болады негізі. Біз енді әнші емеспіз. Дегенмен, де өзімізді бір қырымыздан танытып көрдік. Идея 100 пайыз іске асты. Эксперимент жасадық өзімізге. Екінші маусымға шақырып жатса, айтпай бару керек деп ойлаймын. Но шақырып жатса тағы да бір эксперименттер жасап көруге болады өзіміз үшін.

Бұл шоу әлемнің 50-ден астам елінде көрсетілген. Қазақстанда да оң бағасын алып үлгерді. Жаңажылдық арнайы шығарылымда 30-ға жуық ән айтылады. Қатысушылар қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларын орындайды. Сондай-ақ тарап кеткен музыкалық топтардың бұрынғы мүшелері сахнада бірге өнер көрсетеді. Бағдарлама осындай тосынсыйларға толы. «Хабар» арнасы ұсынған «Маска» шоуының мерекелік санын жіберіп алмаңыздар.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев