КСРО халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығы ұлықталмақ

Биыл күміс көмей әнші Роза Бағланованың туғанына 100 жыл. Ғұмырында 100-ден аса елде концерт беріп, 25-тен астам тілде ән айтқан әншіге туған жерінде ескерткіш орнатылып, есімі ұлықталады, деп хабарлайды Хабар 24.

Өмірінің соңғы жылдары өткен «Қазақконцерт» мекемесі Бағланованың есімімен аталады. Роза Бағланова қазақ өнеріндегі үні ерек әнші еді. Ол бір ғасыр бұрын Қызылорда облысы Қазалы өңірінде туған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ташкент филармониясы ән-би ансамблінің әншісі ретінде майдан даласында өнер көрсетті. Кеңес жауынгерлерінің бойына жігер беріп, оқ пен оттың астында жүріп ән шырқаған аңыз адам. Бұлбұл әнші 1945 жылдың 9 мамырында Берлиндегі жеңіс концертіне қатысты.

Мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында қазақтың күміс көмей, бұлбұл әншісі Роза Бағланованы еске алып, оның КСРО халық әртісі, сондай-ақ Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағына ие болғанын атап өтті. Ал Роза Рымбаева челлендж бастап, әншінің әндерін қайта жаңғыртуға үндеді.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі

– Қадірменді қауым, бірінші қаңтар ұлы әншіміз Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы. Осы мерекемен, жаңа жылмен құттықтай отырып, музыкалық эстафетаны осы Роза апамыздың образын сомдаған актрисса Зарина Жәкеноваға жолдаймын.

Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнерін дамытуға зор үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары және орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, қырғыз, монғол, чех, венгр, қытай, корей, үнді, швед халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Ол 1947-1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан бері Қазақконцерттің әншісі болды. Мерейтой қарсаңында өмірінің соңғы жылдары еңбек еткен ұжымға әншінің есімі берілді.

Жеңіс Сейдоллаұлы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры

– Үлкен концертке дайындық болып жатыр. Әрі қарай фестиваль ретінде республиканың мықты сахналарында жақсы қойылым қойылады. 5 қаңтарда Қызылорда қаласында Роза Бағлановаға ескерткіш ашылады. Біз өзіміздің нағыз бұлбұлымызды ұлықтауымыз керек.

Аты аңызға айналған әншінің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Бұл да қазақ музыкасының әлемдегі беделін айғақтаса керек.

Авторы: Наргиз Бекмағанбетова