«Хабар» Агенттігі түсірген «Полигон» телехикаясы Ресейдегі кинофестивальде жеңімпаз атанды

«Хабар» агенттігі түсірген «Полигон» телехикаясы Ресейдегі халықаралық кинофестивальде «Үздік телевизиялық минисериал» номинациясын жеңіп алды.

Телеөнімді қазақстандық кинорежиссер Ахат Ибраев түсірген. Саяси детективте Семей ядролық полигонының жабылу тарихы сипатталады. Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғаны Азамат Сатыбалды, Жандарбек Садырбаев, Сергей Матвеев сынды танымал актерлер жеткізді. «Moscow Russia International Film Festival 2022» халықаралық кинофестивалінің төрешілері қазақ сериалын мазмұны терең туынды ретінде бағалаған.

Інжу Қабылдина, «Хабар» арнасының бағдарлама директоры:

- «Полигон» телехикаясы Ресейдегі халықаралық кинофестивальде жеңіске жетті. Бұл біз үшін де үлкен мәртебе. Себебі туынды 2020 жылы «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілді. Телехикаяда 80-жылдардың соңындағы оқиғалар суреттелген. Жалпы «Семей» полигонын жабу туралы шешім біздің тарихымызда маңызды роль атқарды.