Мемлекет басшысы театр және кино актері Төлеубек Аралбайдың жақындарына көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Мұхамеджанұлы Аралбайдың дүниеден өтуіне байланысты оның жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

Президенттің көңіл айту жеделхатын оның баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбук-парақшасында жариялады.

«Төлеубек Мұхамеджанұлы қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етті. Отандық кино мен телесериалдардың сәнін кіргізіп, актерлік шеберлігімен көрермендер көзайымына айналды. Ұстаз ретінде көптеген таланттардың жолын ашты. Театр және кино өнерін өркендетуге мол үлес қосқан Төлеубек Мұхамеджанұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.