Ақын Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толды

Бүгін ақын Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл. Кезінде Одақ көлемінде түрлі жоғары лауазымдарды атқарып, Қарқалпақстанды басқарған тұлғаның ақындығы бір төбе. Ол жай ғана ақын емес, қазақ жазба әдебиетінде есімі белгілі тұлға болып қалды. Шоқтығы биік шығармалар жазды. Ең бастысы, жезкиік ақын атанған қаламгердің талай шығармалары ел аузында жүр.

Кәкімбек Салықов қалың қазаққа «Жезкиік» ақын деп танылған. Бұл өлеңінің өзінен қазақ даласына деген мейірім, махаббатты сезінуге болады. Оның қаламгерлігімен қатар қайраткерлігі бір төбе. Мемлекеттік қызметте жүрсе де ақындығынан ажырамай, талай шығарманы дүниеге әкелді. Бүгінде оның 800-ден астам өлеңі кейінгі ұрпаққа асыл мұра болып отыр.

Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы:

- Жалпы Кәкімбек аға өмірінің соңында аса қатты белсенді болды. Мағжан, Тәттімбетке қатысты. Әрқайсысына танымдық жөнінде жеке-жеке кітап арнады. Бұл кісінің қаламгерлік қырынан, қайраткерлік қырынан бүгінгі қазақ баласы үлгі алуы керек.

Қаламгер Біржан сал, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың жолын жалғаған бірегей дарын иесі ретінде де ел есінде қалды. Ақынның қаламынан «Жезкиік», «Көңіл назы», «Парасат сыры», «Дала – дастан» секілді көптеген өлең мен поэма туды. Жыр дүлдүлінің ұлттық бояуы қанық көп шығармасы әлемнің бірқатар тіліне аударылып, біраз шығармасына ән де жазылды. Сондай-ақ «Дала», «Қырандар», «Тәттімбет», «Домбыра», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді поэмалары қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік туындылар қатарында.

Майра Салықова, ақынның қызы:

- Әкемнің ешқашан демалып отырғанын көрмеппін. Өте белсенді болатын. Шығармашылығына көп уақыт арнайтын. Таңғы сағат 5-те тұрып, өлең жазып отыратын. Сонда да балаларына, бізге көңіл бөлуге уақыт табатын. 

Қаламгер өмірден өткенше өлеңі мен өнерін жанына серік етті. Талай әлемдік туындыны қазақ тіліне аударып, қалың қазаққа ұсынды. Ал тәржімалары көзі тірісінде-ақ оқырманның бағасын алды.

Айнұр Қуатқызы

Сондай-ақ...