Е.Қарин қоғам қайраткерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Елімізде саяси реформалар легі тоқтамайды. Ол үстірт емес, кезең-кезеңмен жүргізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ретте қоғам өкілдерінің белсенділігі аса қажет. Бүгін Мемлекеттік хатшы Алматыда өткен кездесуде осылай деді. Ерлан Қарин тәртіпсіздіктер кезінде өртке оранған «Қазақстан» телеарнасының ғимаратын да аралап көрді

«Қазақстан» телеарнасының Алматы бөлімшесі отырған мына ғимаратта қазір өрттен кейінгі тазалау жұмыстары жүруде. Күрделі жөндеу басталатын күн де алыс емес. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бүлікшілердің кесірінен қабырғасы ғана қалған тарихи ғимаратты аралап, телеарна қызметкерлерімен әңгімелесті. Мемлекеттік хатшы жақын арада телеарнаның залал келген студиялары қайта қалпына келтірілетінін айтты. Мұнан кейін Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің Алматыдағы мүшелерімен кездесті. Ұлттық кеңес мүшелері өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.

Қайсар Тұрсынқожа, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ең негізгі бағыт ол саяси реформалар жаңа қарқынмен жасала береді. Саяси реформалардың легі, яғни ол бір атүсті, үстірт қабылдана салатын шешім емес. Жалпы Ұлттық кеңес аясында басқа да мемлекеттің тағдырына немқұрайлы қамарамайтын азаматтық қоғамның барлығының ойы, пікірі ескеріліп жасалатын қадамдар. 

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру идеясына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, экономика мен әлеуметтік саладағы айтулы бастамаларды жүзеге асыру ең басты міндет. Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары жақын уақытта жұмыс отырысында қаралады.

Марат Шибұтов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында айтылған саяси реформалар қыркүйекте жария етілетін Жолдауда көрініс табатынын айтты. Бүгінгі шағын отырыста көптеген ұсыныстар айтылды. Алдағы уақытта осы ұсыныстар бір жүйеге келтіріліп, талқыланатын болады. 

Ерлан Қарин зиялы қауым өкілдерімен де кездесті. Басқосуда әдебиет, мәдениет, руханият саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар елімізде орын алған соңғы оқиғаларға, мемлекет дамуына, ұрпақ тәрбиесіне, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге байланысты ойларын ортаға салды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Мұхит Құдықбаев