Елордалық көрермендер «Күлше қыз» балетін тамашалай алады

Ақпанның 5-6-сы күндері «Астана Балет» театрының сахнасында Надежда Калининаның хореографиясындағы «Күлше қыз» балетін тамашалай аласыз.

Сергей Прокофьевтің ғажайып музыкасын қоюшы-дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрі орындайды.

«Балетмейстер Н.Калинина әр кейіпкерге тән мәнерлі би, әсем вариациялар мен дивертисменттер шығарған. Классикалық балет пен заманауи би стилін біріктірген бірегей хореографияның арқасында сюжет желісін еркін танып отырасыз.

Кейіпкерлердің мінезі дәл суреттелген. Көрерменмен арадағы диалогта бишінің әр қимылы «сөз тіркесіне» айналады. Айтпақшы, балетте езу тартқызар сәттер де көп. Өгей шешесі мен оның екі қызы, олардың кавалерлері, тіпті, Ханзаданың өзі күлкілі оқиғаларға тап болады. Осы бір сәтті әзілдерінің арқасында бұл спектакль түрлі жас аралығындағы көрерменнің көкейінен шығып, ғажайып оқиғаны сүйсіне тамашалайды», ­­– делінген театрдың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетовтың айтуынша, сырт қарағанда жеңіл көрінетін спектакль шын мәнінде, өте күрделі туынды. Сол себепті әртістердің орындаушылық шеберліктерімен қатар актерлік ойын өрнегін де талап етеді.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.