Орталық Азия киносының ретроспективасы ұсынылды

Орталық Азия киносының ретроспективасы ұсынылды

Везуль кинофестивалі өткізіле басталғалы, қазақстандық 51 фильм көрсетілген. Бұл Орталық Азиядағы өзге елдермен салыстырғанда көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ киносы Францияда қарапайым көрерменнің де, сала мамандарының да жүрегін жаулап алған. Олар жаңа фильмдерімізді үнемі асыға күтетіндерін айтады. Биыл олардың назарына Моңғол тарихи блокбастері, режиссер Әмір Байғазиннның «Жаралы періште» мен режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмдері және Жапониямен бірлесіп түсірілген «Барымташылар» картинасы  ұсынылады.

Андрэ Иванов Франциядағы Қазақстан кино қауымдастығының президенті:

– Көрсетілген фильмдер көрермендердің елімізге қызығушылығын арттырды. Ұлы дала мен тауларды көру үшін пандемиядан кейін Қазақстанға қалай баруға болатыны жайлы үнемі сұрайды. Адамдарыңыз қандай сұлу дейді. Яғни кинематографияның арқасында Қазақстанға саяхаттауға ынтасын ояттық.

Орталық Азия киносының ретроспективасын ЮНЕСКО ұйымы да қолдады.  Фестиваль ұйымдастырушылар «Ташкент - город хлебный» фильмін көрсету мүмкіндігін үлкен жетістік деп санайды. Өйткені оларға бұл картинаның түпнұсқасын айрықша сеніп тапсырған екен.

Жан-Марк Теруанн Везулде Азия киносы фестивалінің ұйымдастырушысы:

– 28 жыл бойы халықты Орталық Азия киносымен таныстырып келеміз. Бұл өте сирек фильмдер болғандықтан, көрермендерге мүмкіндікті жіберіп алмауға кеңес беремін. Фестиваль қонақтары бірегей ретроспективаны ұйымдастыру бойынша еңбегімізді жоғары бағалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Орталық Азия киносы – фестиваль тарихындағы ең  үлкен жаңалық. Пандемия кесірінен бүкіл әлемде киноөндіріс тоқырап тұрған тұста, ретроспективалық көрсетілімдер індетке дейін түсірілген үздік туындыларды тамашалауға мүмкіндік береді.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан