Қазақстандық фильм Берлиналеде гран-при жеңіп алды

Режиссёр Фархат Шариповтың «Схема» фильмі Германияда өткен халықаралық «Берлинале» кинофестивалінің Генерейшин бөлімінде гран-при алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өмірінде адасқан жасөспірімдердің күн кешуін баяндайтын бұл көркем кино Берлин қаласының кең қауымының назарына ұсынылды. Қазақстандық драма шетел көрермендерін қызықтырғанын айта кету керек. Фильмнің тұсаукесері өткен кинозал көрерменге толы болған. Бұл фильмді көруге негізінен жастар келді. Биыл Берлиналеге Қазақстаннан «Схема», «Ақын» және «Бақыт» атты үш фильм апарған.

Фархат Шарипов,  режиссёр:

– Жалпы сценарийдің өзі өте күрделі болды, өйткені түсіру кезінде фильмді қайта жөндедік. Толықтырып қайта жаздық және ковидке қатысты шектеулер кезінде түсіруге тура келді. Бұл көп мәселе тудырды. Фильмді  бір жыл бойы түсірдік.