Алматылық мультипликатор ғажайып туындысын ұсынды

Мультипликатор Глеб Пономарев Қазақ хандығы дәуірінің жауынгерлеріне «жан бітірді», деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол суретші Талғат Тілеужановтың «Әбілқайыр» картинасын негізге ала отырып, бейнебаян жасаған. «Қазір жастар сурет көрмелеріне бармайды. Бірақ әлеуметтік желіні қолданады. Сондықтан, осы формат арқылы тарих пен өнерді насихаттауға үлес қосқым келді», – дейді мультипликатор.

Мультипликатор үшін мұндай ауқымды картинаға «жан бітіру» оңай болмаған. Бұл өте ыждағаттылықты қажет ететін жұмыс. Глеб онда бейнеленген әрбір кейіпкерден бастап, киім-кешегі мен сауыт-сайманына дейін баса мән берген. Оған қоса, табиғатқа да жан бітіреді. Соның  бәрін 100 бетке бөліп, әрқайсысын қолмен өңдеп шыққан. Нәтижесінде байрақ желбіреп, жылқылар кісінеп, күн күркіреп, бұлт жөңкіген көрініс пайда болды. Ол басты картина ретінде Талғат Тілеужановтың «Әбілқайыр» картинасымен жұмыс істеген. Видео толық болу үшін Есенғали Садырбаевтың «Дала» суретін де қолданды.

Глеб Пономарев, мультипликатор:

Бұл біздің тарихымыз емес пе? Өз басым суретті алғаш көргенде оның атмосферасына таңғалдым. Онда сарбаздардың Аңырақай шайқасына кірер алдындағы дайындығы бейнеленген. Суретте жауынгерлердің жүзі қатал, сұсты етіп салынған. Осы эмоцияны басқаларға жеткізгім келді. Жалпы бәрі үйлесімді болып шықты. Түсіне өзгеріс енгізіп, анимация жасадым.

Бұл мультипликатордың картиналарға жан бітірген  алғашқы жұмысы емес. Осы бағытта жасалған бірнеше еңбегі бар. Ол қолы бос уақытында осындай ерекше видеолар жасаумен айналысады. Пономарев тарихи туындылардың бұқаралық ақпарат құралдарында, кинода және әлеуметтік желілерде көбірек болғанын қалайды.

Глеб Пономарев, мультипликатор:

– Көпшілікке ұнады. Хабарласып айтып жатыр. Қазір адамдардың барлығы жұмысбасты. Жастар да галереяға бара бермейді. Ал әлеуметтік желіні барлығы қарайды. Осыны дұрыс пайдаланған жөн деп білем.

Картина авторы, суретші Талғат Тілеужановтың айтуынша, картинаның идеясы екі бөліктен тұрады. Пономарев олардың біреуін ғана қолданған. Қылқалам шебері бұл картинаны салу үшін бір жыл тынбай жұмыс істеген.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов