«Хабар» арнасы «Алғысым шексіз» телемарафонын ұсынады

Бүгін сағат 11:00-де және 18:00-де «Хабар» арнасында Алғыс айту күніне арналған «Алғысым шексіз» телемарафоны көрсетіледі.

Тікелей эфирде өтетін ерекше мерекелік іс-шараның жүргізушілері – Саят Жөкен және Жансая Қожахмет.

- Біз арнайы жобамыздың аясында барлық қазақстандықтарға, сондай - ақ күн сайын қоғамымыздың дамуына үлес қосып жүрген барлық жандарға алғысымызды білдіргіміз келеді, - деді «Хабар» арнасының директоры Динара Бисембина.

Арна көрермендерінің алғысы ретінде шақырылған қонақтарға «Хабар» Агенттігінің арнайы сыйлығы беріледі.

- Эфир қонақтарына танымал қазақстандық мүсінші Айдос Есмағамбетовтың эксклюзивті мүсіншесі табыс етіледі. Мүсінше элементтері қамқорлықтың символын бейнелейді, - деді жобаның продюсері Дамир Ғалиев.

Алғыс айту күнінің басты кейіпкерлерінен басқа, студияда «Nur Otan» партиясының съезі жайында ой қозғайтын сарапшылар да болады. Телемарафон деректі фильм көрсетілімі және «Біздің назарда» бағдарламасымен аяқталады.