Астана Опера «Жизель» балетінің қойылымына шақырады

8 науырыз мерекесіне орай Астана Операда Адольф Аданның «Жизель» балеті сахналанады.

Наурыздың 6-сынан бастап үш күн қатарынан қала тұрғындары әлемдік классикалық балеттің жауһары саналатын туындыны тамашалай алады. Көктемгі маусымның көркі саналатын балет қойылымы алдағы уақытта «Mezzo» француз арнасынан көрсетіледі. Демек, әлем жұртшылығы қазақстандық өнерпаздардың шеберлігіне көз жеткізе алады.

8 наурыз мерекесіне орай Астана Операда Адольф Аданның «Жизель» балеті сахналанады. Наурыздың 6-сынан бастап үш күн қатарынан қала тұрғындары әлемдік классикалық балеттің жауһары саналатын туындыны тамашалай алады. Көктемгі маусымның көркі саналатын балет қойылымы алдағы уақытта «Mezzo» француз арнасынан көрсетіледі. Демек, әлем жұртшылығы қазақстандық өнерпаздардың шеберлігіне көз жеткізе алады.

Ғашықтық дертінен құса болып, өлім құшқан елес қыздардың кегі. Қалыңдық көйлегін киген елестер өлімге себепші болған жігіттердің демі үзілгенше шыр айналып қинайды. Пері қыздар туралы осы бір ежелгі аңыз Адольф Аданның «Жизель» балетінің желісіне арқау болған. Әйгілі балет қойылымын наурыздың 6-сы мен 8-і аралығында елордалықтар мен шаһар қонақтары Астана Опера сахнасынан тамашалай алады.

Жизельдің нәзік бейнесін сомдау кез келген балет бишісінің асқақ арманы. Оның партиясын орындаған Карлотта Гризи, Анна Павлова, Галина Уланова сынды әйгілі балет майталмандарының қатарында Алтынай Асылмұратова бар. Бүгінде ол балет өнерінде күрделі шығарма саналатын Жизель қойылымының көркемдік жетекшісі. Сахна саңлағының мол тәжірибесін жас труппамен бөліскені үлкен абырой саналады.

Алтынай Асылмұратова, "Астана Опера" балет труппасының көркемдік жетекшісі:

- Бұл менің сүйікті спектаклім. Бұл қойылымның бірегейлігі сол - артық  ешнәрсесі жоқ. Махаббат жайлы романтикалық балет. 8 наурызда қойылымның соңғы күні болады. Баршаңызды тамашалауға шақырамын. 

Басты кейіпкер Жизельдің ролін талантты артист Әйгерім Бекетаева сомдайды. Үш жыл бұрын алғаш рет ойнап шыққан жас қыздың бейнесін, бұл жолы басқаша сезіммен орындайтынын айтады.

Әйгерім Бекетаева, "Астана Операның" жетекші солисі:

– Психофизикалық тұрғыдан Жизельдің ролі маған өте жақын. Мен өзімді сол сияқты жас әрі бақытты сезінемін. Яғни махаббат, сүйіспеншілік сезіміне, жаңа эмоцияға бөленуге әзірмін. Әрине кейбір тұсын сомдау қиынға соғады. Мәселен, кейіпкердің есінен адасуын бейнелеу қиын. Өтйкені мұндай сезімді басымнан өткерген емеспін. Сондықтан түрлі шығармаларды оқып, шетелдік әріптестерімнің Жизельдің бұл күйін қалай сахналағанын таспадан қарап, танысып шықтым.

Көктемгі маусымның көркі саналатын балет қойылымы алдағы уақытта «Mezzo» француз арнасынан көрсетіледі. Демек, әлем жұртшылығы қазақстандық өнерпаздардың шеберлігіне көз жеткізе алады. Бүгінде қойылымның түсірілімі басталып кеткен. Ал сахнадағы балет өнерінің ғажайыбын елордалықтар мен қала қонақтары үш күн қатарынан  тамашалай алады. 

Бақыт Топтаева, Асхат Қарақойшиев