Ақтөбе облысындағы әжелер ансамблінің репертуарында көптің көңілінен шығатын дүние жеткілікті

Көктем - мереке айы. Әйелдер күнінен басталатын іс-шаралар наурыз мейрамына ұласады. Осы тұста ақтөбелік әжелер ансамблі де ән-күйімен жұрттың көңіл-хошын табады.

«Сударушки» ұжымының репертуарында биыл да көпшіліктің көңілінен шығар дүниелер көп. Қобда аудандық мәдениет үйі жанындағы ансамбль ел ішіне шығып, ауылдарды аралап, концерт қоюды көздеп отыр.

60 жастан асқан Наталья Вейсгейм әжелер ансамблін зор ықыласпен басқарып келеді. Себебі бала күнінен өнерлік отбасында тәрбие алған ол, зейнеткерлікке шыққанда да қоғамнан қол үзбей, сүйікті ісімен айналысқанды армандаған еді. Қазір өзі жетекшілік ететін ұжымның кезекті дайындығын пысықтап жүр. Сахнада шырқалатын әндерден айтпағанның өзінде ансамбль мүшелерінің киіміне дейін жіті көңіл бөледі.

Наталья Вейсгейм, «Сударушки» әжелер ансамблінің жетекшісі:

- Бұл жасы үлкейген әжелеріміз үшін ең тартымды орта болды. Олар ән шырқаудан өзге ұмыт бола бастаған ескі өлеңдерді де қайта жаңғыртқысы келеді. Репертуарымызда негізінен халық әндері болғанымен көбісі құнды. Яғни мәдениетімізді насихаттауға үлес қосып келеміз деп айтуға болады. Оған қоса бір-бірімен емін еркін әңгіме айтып, көңіл көтеретін бірлігі бекем ұжымға айналдық.

Әжелер ансамблі төрт жыл бұрын құрылған. Бұған дейін құрамы бірнеше рет өзгеріп, қазір сегіз мүшесі бар. Ең үлкені 73 жаста болса, кішісі 60-та. Ал аудан көлемінде ұйымдастырылатын кез келген маңызды мәдени іс-шара бұл ұжымның қатысуынсыз өткен емес. Тіпті көрші орналасқан аудан жұртшылығы да әжелердің өнеріне тәнті. Қазір алда келе жатқан ең ауқымды көктем мерекесіне дайындалып жатыр.

Талжан Истляуп, «Сударушки» әжелер ансамблінің мүшесі:

- Мерекелік шаралар біздің назарымыздан тыс қалған емес. Бірақ 8 наурызда біз сахнаға шықпаймыз. Бұл бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Себебі мейрамда бізді құттықтап, құрмет көрсетеді. Әрине мұндай ілтипатқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал одан кейінгі Наурыз мейрамы, мамырдағы мерекелерде өнер көрсетеміз. 

Қобда аудандық мәдениет үйі жанында негізі екі бірдей әжелер ансамблі бар. Бірі «Айқаракөз» тобы болса, екінші осы ұжым. Екеуінің сахнаға қажетті киім-кешектерін тігу мен сапарларға шығарып отыруды тиісті ұйымдар міндетіне алған. Әжелердің өнері жастарға да кеңінен насихатталып келеді.

Айнагүл Құдайбергенова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

- Бұл кісілер сахнаны үйдің тұрмысымен бірге қатар алып жүрген. Ол тек қана әже емес. Ол сол үйдің үлкені, сол үйдің ақылшысы. Бос уақыттарында үйдің шаруасы, бала тәрбиесі, келіннің тәрбиесі, немере тәрбиелеп келе жатқан үлкен адамдар. Одан кейінгі уақытта міне осылай мәдениет үйіне келеді.

«Сударушки» ұжымының биыл алға қойған жоспары көп. Соның ішінде пандемия салдарынан Ресейдің көрші аудандарымен үзілген байланысты қайта жаңғырту жоспарға алынған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев