Республикалық «Тұлға болам» кітап оқу сайысы басталды

«Тұлға болам» атты балаларға арналған кітап оқу сайысы биыл да жалғасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрлі республикалық байқау осы жылы «Балалар жылымен» тұспа-тұс келіп отыр. «Сондықтан қатысушылардың санын осы маусымда 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді ұйымдастырушылар. Биыл сайысқа 4 оқушы және 1 ересек тобы қатысады. Әр топтың оқитын кітаптары бөлек. Төл тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін қазақ жазушыларының және әлем классиктерінің шығармалары оқылады. Қатысушылар үш кезеңде үш кітапты оқып бітіруі тиіс. Әр кезеңнің соңында сол оқылған кітаптар бойынша онлайн-тест өтіп жеңімпаздар анықталады. Биылғы байқаудың жүлде қоры 30 млн теңге. Кез келген оқушы «Тұлға болам.кз» сайтына кіріп 10 сәуірге дейін тіркеле алады. «Біздің мақсат, жас балаларды мейірімділікке адамгершілікке баулып, ойлау қабілетін арттыру. Қазір смартфоннан көз алмайтын жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, олардың рухани білімін жетілдіру», – дейді байқаудың ұйымдастырушылары.

Бақытжан Асқаров, байқау ұйымдастырушы:

– Бізде негізгі мақсат үш айға созылғаннан кейін бала тек үш айда оқып сонымен тоқтап қалу емес қой. Үш ай қайталап кітап оқи берген сайын оларға әдетке айналады. Одан кейін де олар кітап оқуларын жалғастырады. Ойын, видеоның барлығы сіздердің кітаптарыңызға ауысты деп комментарий жазады ата-аналар.