loader


Ертіс жұрты әз-Наурызды тойлауды бастап кетті

Павлодарда сала қызметкерлері жұмыс орнында бір айы бойы ұлттық киім киіп жүруді дәстүрге айналдырған, деп хабарлайды  «Хабар 24».

Қазіргі уақытта бұл игі істі барлық мекеме мамандары қолдаған. Ата салтын дәріптеп, келер ұрпақтың бойына сіңіруге ден қойғандардың қатарында көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана ұжымы бар. Көктем мерекесіне орайластырылған шараларға оқырмандар қауымы да үн қосты.

77 жастағы Әсия Ыдырысова бала кезінде көру қабілетінен айырылған. Бүгінгі таңда аяулы жар, асыл әже болған жайы бар. Немере-шөбере көрген әжей әз-Наурызға орай көже әзірлеуді дәстүрге айналдырған. Осы жолы сүйікті кітапханасына келіп, жастарға ұлттық дәмді дайындау әдістерімен бөлісті. Күріш, сүт, айран, мейіз, кептірілген өрік, тұз, ең бастысы – сүр ет. Әсия әжей Наурыз көжеге дәл осы жеті тағамды қосады. Оның барлығы пісірілген сүтке қосылып, 6 сағатқа қайнатылады. Осы әдіс Әсия әжейдің анасынан қалған дүние. Енді бұл жастарға да мұра болып қалмақ.

Мейрамбек Қадыр, оқушы:

Үйде тойлайтын болсақ, біз наурыз көже пісіріп, бауырсақ дайындаймыз. Кейде қонақ шақырып жатамыз Наурызға. Солай тойлаймыз. Бүгінгі шара көңілімнен шықты, көже де дәмді болды. Баршаңызға рахмет.

Оқушылар ұлттық тағамнан татып қана қоймай, ұлттық дәстүрлермен танысты. Кітапхана ұжымы Наурыз мерекесін асыға күтетіндерін жасырмады. Бұған бір ай бойы жұмысқа ұлттық киімде келуі дәлел.

Айнұр Нұрқадырова, кітапханашы:

– Ұлттық киімде жүріп, сонымен қатар жастарымызға Наурыз мейрамы жөнінде мағлұматтар берілді. Ұлттық нақыштағы киімдер, ұлттық нақыштағы ойындарымыз, барлығы қазір насихатталып, жыл сайын айтылуда. Ол да біз үшін бір жетістік. Жастарымыз осы салт-дәсүрімізді жадыларына сақтауда.

Өңірде пандемия салдарынан Ұлыстың Ұлы күнін халықтық деңгейде атап өту кенжелеп қалғаны рас. Бұл күн де артта қалды. Осы жолы облыс орталығының түкпір-түкпірінде бұрынғыдай киіз үйлер тігіліп, ауқымды шаралар ұйымдастырылмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат

Сондай-ақ...