Наурыз мерекесі Оңтүстік Кореяда аталып өтуде

Оңтүстік Корея оңтүстік Қазақстан іспетті. Басқа аймақтарға қарағанда мұнда көктем ерте келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Йонсан ауылындағы «Шырайлы Шымкент» дәмханасына келгендер қазақи атмосфераны сезінеді. Қазақ тағамдарынан дәм татқысы келетін жергілікті тұрғындар да көп. Наурыз мерекесінде корейлер наурызкөже ішіп, мәре-сәре.

Кореяның оңтүстігінде қазақстандықтар көп. Біреу жұмысқа, біреу оқуға келген. Олардың құқықтық көмек алуы үшін және елдер арасындағы іскерлік қарым-қатынасты дамыту мақсатында былтыр еліміздің осындағы құрметті консулы тағайындалған.

Ли Сан Хун, ҚР Кореядағы құрметті консулы:

– Ал енді бір маңызды нәрсе – мен өзім кәріс болғаныммен де қазақтардың арасында, сіздердің қуаныштарыңызға ортақ боламын және жұбаныштарға да ортақ болып егер бір қиын күн, не болмаса керек нәрсе болатын болса әрқашан көмектесу үшін осы жерде, осы орынды алып отырмын. Сондықтан барлығыңызға рахмет.  

Кореяның ірі қалалары Сеул мен Пусанның арасы – 300 шақырым. Неке қию, төлқұжат алу және басқа да құжаттарды рәсімдеу үшін Кореяның оңтүстігінде тұратын қазақтар Сеулде орналасқан Қазақстан елшілігіне бірнеше сағат жол жүруге мәжбүр еді. Енді алысқа ұзамай, Пусанға барсаңыз жеткілікті. Осы қалада бас консулдықты ашылу туралы жарлыққа өткен жылдың тамыз айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын.

Аян Қашабаев, Қазақстанның Пусан қаласындағы бас консулы:

– Осы жақта енді бір емессіздер, бірнешеу екенсіздер. Сондықтан жақсылап оқып ұятқа қалдырмайтындай әке шешелеріңізді, тілектерін ақтап аман-есен елге оралыңыздар. Жақсы мамандық алыңыздар. Әйтеуір бір септігі тиер отбасыларыңызға, өздеріңізге, елге тиеді деген үмітттеміз.

Сөйтіп Наурыз мейрамында Кореядағы қазақстандықтарға қуанышты хабар жетті. Келесі айда Пусанда еліміздің бас консулдығы ашылады, ал Корея үкіметі кейбір карантиндік шектеулерді алып тастайды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян