Жақсылық Үшкемпіров туралы кітап түрік тіліне аударылды

Қазақтың біртуар ұлы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі – күллі түркі жұртына үлгі. Сондықтан оны бауырлас елдің ұрпақтары білуге тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылай деген түркиялық журналист әрі аудармашы Уфук Тузманның айтуынша, қазіргі ақпараттық кезеңде жастарды мәдениет пен тарихымызға сай тәрбиелеу аса маңызды. «Біртуар» кітабы сонысымен құнды.

Уфук Тузман, аудармашы:

Үшкемпіровтың көшпелі мәдениеттен келіп, отырықшы мәдениеттің шыңына көтерілген тұсын қатты бағаладым. Шынын айту керек, бұл бізге аса қажет. Үшкемпіров қанша қиындық көрсе де, халықаралық деңгейде қазақтың атын шығару үшін барын салып күресті. Бұл тұлға туралы жазу бақыты бізге бұйырды.

Қазақстанның Анкарадағы елшілігінде өткен шараға қоғам қайраткерлері, спорт федерациясының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында даңқты палуанның өмірінен естеліктер айтылды. Ал кітап авторы түрік тіліне аударудағы мақсат, қазақ және түрік жастарын бірге тәрбиелеу екенін айтады.

Сәуле Досжан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Кітапты жазудағы ең үлкен мақсатым, қазақтың балалары отанжанды, ұлтжанды, мемлекетшіл, Жақсылық ағасы сияқты бәріне шыдайтын төзімді болсын деп жазғым келді. Себебі олимпиадада чемпион болу оңай емес. Міне, Жақсылықтан кейін ешкім олимпиадада күрестен алтын алған емес. Тіпті басқа салада да қиын болып тұр. Сондықтан балаларды кішкентайынан осылай батырлыққа тәрбиелесек деп ойлаймын. Осы кітапты балалары ғана емес, ата- аналары да оқып, қазақтың балаларын сондай батыр әрі төзімді етіп тәрбиелеуге үлес қосып жатыр. Сондықтан қуаныштымын.

Түркияда өткен шараға Жақсылық палуанның ұлы Елдос Үшкемпіров те қатысты.

Елдос Жақсылықұлы, Ж.Үшкемпіровтың ұлы:

– Бүгінгі сезім – керемет сезім. Біздің әкемізді олимпиада чемпионы ретінде сонау бүкіл дүниежүзі біледі. Қазір, міне, әкемізді кітабы арқылы түрік елі деп танып жатыр. Біз бұған қуанамыз, әрине.

Сәуле Досжанның «Біртуар» кітабы бұған дейін қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Ал қырғыз тіліндегі нұсқасы алдағы күндерде оқырманға жол тартпақ.

Сондай-ақ...