Студенттерге «Три» фильмі көрсетілді

Қазақстандық кинорежиссер Руслан Пак өзінің «Три» деп аталатын кинотуындысын «Turan Film Academy» жоғарғы мектебінің студенттеріне көрсетті. Оңтүстік Кореялық  әріптестерімен бірлесіп түсірілген  фильм  аса ауыр қылмыс жасаған қаныпезер  Николай Жұмағалиевтің қалай ұсталғаны туралы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кинорижессер Руслан Пак біраз жыл бұрын Оңтүстік Кореяға көшіп кеткен. Сонда кино саласында өнімді еңбек етіп жүр. Ол 20-дан астам фильм түсірді. Ұстазы әйгелі кореялық режиссер  Пон Чжун Хо. Оның «Три» деп аталатын жаңа туындысы кеңес заманында аса қауіпті деп танылған қылмыскер-қанибал Николай Жұмағалиев жайында ел білмейтін жайттарды көрсетеді.

Руслан Пак, фильм режиссері:

– Қазақстанда бұл біздің үшінші көрсетілім. Біраз күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Өнер университетінде фильмді студенттерге көрсеттік. Жалпы жұртқа жарияламас  бұрын алдымен жастардың пікірін білгіміз келді. Меніңше, осындай тәжірибе бәрімізге пайдалы болады деп ойлаймын.

«Три» фильмі – отандық және оңтүстіккореялық киноматографистердің ең алғашқы бірлесіп жасаған жобасы. Кино Қазақстанда түсірілді. Басты рөльдерді қазақстандық актерлер ойнады. Арасында кореялық әртістер де бар.

Александр Костылев, «Turan» университеті білім беру бағдарламасының модераторы:

– Студенттерге фильмнің ресми көрсетілм шықпай жатып, көруіне мүмкіндік берілгені жақсы үрдіс. Олар режиссермен бетпе-бет , кинодан алған әсерлерін айтып, өзара пікір алмасады. Бір жағынан шеберлік сабағы өткізіледі. Әр сенбі сайын біздің киноклубта жаңа туындылар талқыланады.

Фильмнің басты кейіпкері милицияда енді ғана еңбек жолын бастаған тәртіп сақшысы. Ол қаныпезердің ізіне түскен тергеу тобының құрамында жұмыс істейді. Екі жыл бұрын бұл кинотуынды Пусандағы халықаралық кинофестивальде арнайы сыйлықпен марапатталып, былтыр Мәскеу халықарылық кинофестиваліне қатысқан. Ал 31 наурыздан еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайды.

Авторлары: А.Садуақас, Р.Жақыпов