Димаштың Дубайдағы жеке концерті қалай өтті

25 наурызда Дубайдағы әйгілі Coca-Cola Arena-да Димаш Құдайбергеннің көптен күткен концерті өтті, деп хабарлайды dimashnews.com.

Шоу басталуын асыға күткен көрермендердің қуанышты дауыстары Арена күмбезінің астында естілді.

Екі жыл мәжбүрлі үзілістен кейін Димаш ақыры сахнаға жаңа жеке концертімен оралды. Әртіс өзінің тыңдаушыларын өткен шоулардың сүйікті композицияларынан және пандемия кезінде жазылған жаңа әндерден тұратын жаңа бағдарламамен қуантты.

Димаштың «Алтын командасы» «Golden» композициясының әуенімен сахнаға шығып, алғашқы секундтардан бастап концертке ерекше атмосфера орнатты. Осыдан кейін әртіс өзінің барлық тыңдаушыларын көптеген рейтингтер мен соңғы диаграммалардың чемпионы «Fly Away» әнінің әуенімен «бірге самғауға» шақырды.

«Қайырлы кеш, қымбатты достар, Мен сіздердің алдарыңызда осы сахнада өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Екі жылдан астам уақыт бойы біз кездесе алмадық. Сіздердің махаббаттарыңызбен қолдауларыңызға алғыс айтамын!»,- деді Димаш көрермендерге.

Концерттің екінші блогы Олжас Құрманбектің сахнаға шығуынан басталды. Қобыздың шебер қолындағы дыбыстары 2021 жылы «Новая волна» фестивалінде алғаш рет шырқалған Игорь Крутойдың «Stranger» композициясының лейтмотиві болды. Димаштың көз тартатын қара-көк плащы осы дүниеде өз мақсатын іздеп жүрген адамның адасуы туралы туындының негізгі идеясын ерекше атап өтті.

Димаш пен Dears үшін айтулы «S.O.S» әні бұл жолы басқаша шырқалды.

Әнші осынау трагедиялы пандемия кезеңінде жақындарынан айрылған жандарға, адамзат жанының арашасына айналған әлем дәрігерлерінің құрметіне және бетпердемен тұмшаланса да өмірге деген құштарлығы сөнбеген барша жұртқа «Неге өмір сүріп, неліктен кетем?» деген әнін арнады.

Әртіс жанкүйерлермен қоштасты, бірақ аз уақытқа: алда Дюссельдорф пен Прагадағы концерттер бар.