Қалың қалай, қазақ анимациясы?

Кино идеологиялық құрал болса, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ескеретін басты бір жайт – тіл мәселесі.

Тілімізді түзейміз десек, өскелең ұрпақтың тәрбиесін қолға алу керек. Ол – анық. Бірақ баланың мүмкіндігін өзіміз шектеп жатқан жоқпыз ба? Теледидарға үңілген сәбилер не көріп жүр? Олардың қалауы не? Жалпы отандық анимацияның қазіргі деңгейі қалай?

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?». Бұл – осыдан 53 жыл бұрын көгілдір экраннан көрінген қазақтың тұңғыш мультфильмі. Режиссері – Әмен Қайдаров. Дәл осы туынды Нью-Йоркте өткен Халықаралық анимациялық фильмдер сайысында жүлдегер болды. Әлемнің 48 елінде көрсетілді. Қазір «Алдар Көсе», «Қошқар мен теке», «Мұзбалақ» сынды мультфильмдерді біреу білсе, біреу білмес.

Әділет Омаров, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі театр және кинематография басқармасының бас сарапшысы:

 – «Мұзбалақ» және «Күлтегін» фильмі сәтті шықты. Бұл шетелде сұранысқа ие. Еуропа елдерінде сатылымға шықты. Германиядан хат келген. «Мұзбалақ» фильмі – ең үздік анимациялық фильм.

Иә, бізде де анимациялық фильмдер бар, бірақ саусақпен санарлық қана. Енді осы қазақ анимациясын қалай дамытамыз? Осы салада жүрген мамандар не дейді?

Ғали Мырзашев, Қазақстан аниматорлар қауымдастығының төрағасы:

Анимация саласын көтеру қиын емес. Маман ретінде айтамын. Дамытуға болады. 3-4 жылда адам қылып алып шыға аламын. Менің қорымда 13 жоба бар.

Жақсы дүние жасауға құштар мамандарымыз аз емес. Тіпті өзге елдер де біздің мамандарға қолқа салатын кездер болады.

Ғали Мырзашев, Қазақстан аниматорлар қауымдастығының төрағасы:

Менің өзімде Ресейдің дүлдүлдерін бағындырған 12 жобам бар. Аю мен Машадан асып кететін ауқымы кең дүниелер дейді. Бүгінгінің баласы шетелдік анимациялық фильмдерді көріп, ондағы кейіпкерлерді пір тұтады. Соларға еліктеп, солардың тілінде сөйлей бастайды.

Қазақы отбасы Гүлзия Нақыпқызының бүлдіршіндері де ана тілінде кейбір сөздерді түсінбейді. Ата-әжесі, әке-шешесі тек қазақша сөйлейді. Алайда баланың тілі – орысша.

Гүлзия Нақыпқызы, қала тұрғыны:

Менің екі балам бар. Біреуі төртте, біреуі екі жарымда. Тілі енді шығып келе жатқан балалар. Олар «Балапан» арнасын қоссақ, бірден жылайды. Көбіне орысша мультфильмдерді жақсы көреді. Тілдері орысша шықты.

Бала қайтсін?! Оның да таңдауы бар. Ол да сапалы дүниені көргісі келеді.

Бала көргенін істейді. Тыңдағанын жадына тоқиды. Ал күнделікті смартфтонға шұқшиып, болмаса көгілдір экраннан өзге тілде мультфильм көретін баланың да ой-өрісі, тілі өзгеге жақын. Ал осы балаларға көрсететін қазақы дүниеміз тағы жоқ. 

Азамат Атагелді, кино және тв продюсері:

Саланы көтеру үшін әлеммен тереземіз тең болуы керек. Ол үшін әлемдік мультфильмдар бар, телеарналар бар. Біз оларды қазақша сөйлетуіміз керек. Соларға қарап отырып, біз баланың  қазақ тіліне деген қызығушылығын оятуымыз керек. Содан кейін ғана қазақ мультфильмдерін шығара беруге болады. Қазіргі жасап жатқан  нәрсенің бәрі құбыжықтық дүние.

Қазақ баласы үшін ана тіліндегі фильм қажет. Мамандар көздің майын тауысып жасаған мұндай дүниені мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде қолға алуды сұрайды. Себебі бұл – идеология. Мультфильм – болашақ ұрпақты тәрбиелейтін басты құрал. Сол үшін де барынша дамытуымыз қажет.

Әділет Омаров, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі театр және кинематография басқармасының бас сарапшысы:

Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет ұйымдарының, оның ішінде анимация, кино саласын кезеңмен дамыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Былтыр қабылданған кинематография туралы заң. Оның аясында сараптама кеңесі, кино мамандарынан құралатын сараптама кеңесі. Қандай да бір кино жобаларға қаржы бөлінеді. Арнайы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Орталық кино жобаларды іріктеу бойынша жұмыстарды атқарады. 

Маманның айтуынша, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы кейінгі 10 жылда 50-ге жуық анимациялық фильм шығарған. Шетелде сұранысқа ие, сәтті жобалар аз емес. Мәдениет және спорт министрлігі де тәуір дүние, тың, қызықты тақырып болса, жекелеген компанияларды да қолдауға әзір. Тек фильм сараптама кеңесінің талғамына сай келсе болды. Бір айта кетерлігі, «Қазақфильм» анимациялық фильмдер түсіретін заманауи озық құралдар сатып алып, өндірісін қайта жаңғыртады. Министрлік өкілі көп ұзамай Disney-ден кем емес мультфильмдер түсіре алатын боламыз деп сендірді.

Дәл осы доңыз жайлы мультфильмді өткен жылы америкалық компания 4 млрд долларға сатып алды. Бұл – кемінде Қазақстандағы 100 шағын қаланың жылдық бюджеті. Әрі-беріден соң осындай  бір дүние жасап, барлық ауылды гүлдендіруге болар еді. Жоққа жүйрік жетпейді. Қазақ анимациясын өзгемен салыстыруға келмейді, әрине. Уыстап қаржы әкелетін, әрі-беріден соң мемлекеттің де қоржынын қампайтатын осы саланың кенжелеп тұрғаны қалай? Не істеу керек? Бар мәселе қаржыға ғана тіреліп тұр ма? Осыдан кейін тілі енді шыға бастаған сәбиді неге өзге тілде сөйлейді деп кінә артамыз? Әзірге баланың көңілі басқада...

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Наурыз Базаров