Елордалық кітапханада халықаралық Балалар кітабы күніне орай іс-шара өтеді

Нұр-Сұлтан қаласының «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітаппен әлем мейірімді және жарқын» атты кітап оқу іс-шарасын ұйымдастырады. Іс-шара 2 сәуірде №5 балалар кітапханасында өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара аясында «Кітаппен әлем мейірімді және жарқын» атты дөңгелек үстелінде шығармашылық интеллигенция ұжымы балалар әдебиетінің мәселелерін және «Оқитын ұлт» жобасы арқылы кітап оқуды қолдау шараларын талқылайды. Сондай-ақ «Еркетай» қуыршақ театры Т.Әбдірайымовтың «Ала бұға аулаған күн» кітабынан үзінді бойынша «Өтірік өрге басама» шағын спектаклін ұсынады.

Балалар жазушысы Зәуре Төрехан өзінің «Естен кетпес ерек күн» ертегісі бойынша «Тапқыр болсаң тауып көр» атты шағын викторина өткізеді. «Балаларға базарлық: ертегiлерге жан бiткенде» мультфильмдер зертханасында ересектер мен балалардың қызығушылығын тудыратын қазақстандық анимациялық мультфильмдер көрсетiледi.

Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің серіктестері, «Фолиант» баспасы және «Big Dream» кез келген адам өзіне қызықты кітап ала алатын кітап көрмесін дайындайды.

«Күн мектебі» шығармашылық шеберханасы қолданбалы қолөнер бойынша шеберлік сыныбын көрсетеді.

Көру қабілеті нашар оқырмандар үшін Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы арнайы аудиокітаптар дайындайды.