Павлодарда Майра мектебі ашылды

Ертіс өңірінің атақты халық әншісі, композитор Майра Шамсутдинованың мұрасы мол. Ол жыршы, термеші ғана емес сырнайымен де аты шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл аспапты Майра әнші серік етіп, әсем дауысымен талайды тамсандырды. Сол қатарда музыкант, этнограф Александр Затаевич те болған деседі. Енді сол Майраның мұраны зерттеп, көпке насихаттау міндет. Мектепке келушілер сырнайға қосылып, ән шырқауды үйренеді. Майра Шамсутдинова – қазақ даласынан шыққан алғашқы кәсіби сырнайшы. Өкініштісі сол күміс көмей әншінің дәстүрін өз деңгейінде дамытып, гармоньды серік еткен өнер иелері көп емес. Олқылықтың орнын толтыру үшін Майра мектебі ашылды.

Жарқынбек Амантайұлы, «Шаңырақ» халық шығармашылық орталығының басшысы:

– Мектепті ашу барысында біраз ақылдастық, өнер қайтаткерлері, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген аға буынмен ақылдастық. Көбінің айтып отырғаны, егер Ертіс Баян десе, сыртқа шықсақ, «Майраның елінен келген екенсіңдер» деген сөз айтылады. Ал оның дәстүрлі мектебінің болмауы, бізге сын деген.

Салтанат Қисатова – Майраның әншілік өнерін насихаттап жүрген жан. Өнер мектебінде балаларды сырнаймен ән айтуға үйретеді. Ендігі мақсаты – Майра мектебінің жұмысына араласып, дәсүрлі өнерді жеткіншектерге дарыту. Солардың қатарында 8 жасар қызы Жанель де бар. Оқушы қазірдің өзінде Майраның бірнеше әнін тамылжыта шырқайды.

Жанель Қуатова, Майра мектебінің шәкірті:

– Конкурс болатын. Біз оған анаммен қатысып, анам еңбектенді, түні бойы. Мен осы аспапты үйрендім де, кірісіп кеттім. Сырнай аспабына мені анам үйретті.

Бүгінгі күнге дейін Майраның 20-дан астам танымал әні бар. Олардың басым бөлігін этнограф-музыкант, композитор Александр Затаевич нотаға түсіріп, «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағына енгізген.

Салтанат Қисатова, дәстүрлі әнші:

– Қызылорда өңірінде Нартай мектебі бар, Ақтау қаласында Құрманғазы атындағы деген сияқты. Енді Ертіс-Баян өңірі, ол ең бірінші, Майра апамыздың көшесі бар. Мен алғаш рет Майра мектебінің ашылуына өте қуаныштымын.

Өңірде Майра Шамсутдинованың шығармашылығына арналған мұражай бар. Рухани азық ошағының мамандары әншінің өнер жолы мен кейінгі ұрпаққа қалған мол мұрасын әлі де зерттеу үстінде.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков