Димаш Құдайберген Германияда алғаш рет концерт өткізді

Германияның Дюссельдорф қаласындағы ISS Dome аренасында қазақтың талантты ұлы тыңдарманын тәнті етті, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы dimashnews.com сайты жариялады. Қазақ әншісінің керемет шоуын тамашалау үшін көрермен Еуразия, Америка, Африка, Австралия сияқты бірнеше елден жиналды. Талантты әнші тыңдарманына пандемияға дейін басталған «ARNAU» турының жаңартылған бағдарламасын ұсынды. Ол әдеттегідей бірнеше тілде ән орындады. Ағылшын, итальян, француз, орыс, қытай тілдеріндегі туындылардың әрқайсысының әнші шығармашылығында өз орны бар. Концерт бағдарламасында ана тіліндегі әндер басым болды.

«Әлемде бірлік болсын» және «Мен сені сүйемін» әндерін жиналғандар қосыла шырқады. Өнерпазды сахнадан жібермей, «Махаббат бер маған» және «Дайдидау» қайырмаларын бірнеше мәрте қайталады. Ал концерт соңында Димаш көп ұзамай Прагада кездесуге уәде берді.