Астана Балет театры «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуды» сахналады

Астана Балет театры сахнаға көктемнің жылы шуағымен бірге әйгілі шығарманы алып шықты. "Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың" махаббатын әртістер би арқылы бейнеледі.

Ұлттық би мен классикалық балетті заманауи техникаға лайықтаған өнерпаздардың талғамы.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу көрерменмен қайта қауышты. Баянсыз махаббат, үзілген үміт, орындалмаған серт көрініс тапқан қойылымның қазақ балет өнеріндегі орыны бөлек. Оны жырдың қайталанған нұсқасы дей алмаймыз. Өйткені авторлар туындыға жаңаша леп берген. 

Нұрлан Қанетов, "Астана Балет" театрының көркемдік жетекшісі:

- Қоюшы режиссер қойылымға өзгеше әр берді. Ол бұрынғы түркі мифологиясына сүйенді. Қасқырдың образы соған дәлел. Қойылымдағы негізгі кейіпкерлердің бірі Қодар көптің көзіне түседі. Поэмадағыдай емес, бұл жерде Қодарды қақтығыстар құрбаны ретінде танимыз.

13-14 ғасырда өрбіген махаббат оқиғасы сүйсінтеді, әрі жүрек сыздатады. Қозы-Баян кесенесінде тікенек болып тұрған Қодарды көпшілік зұлым кейіпкер ретінде таныса, балетте басқа қырынан таниды. Жек көрмейді, керісінше аянышты тағдыры үшін жақсы көріп кетеді. 

Айдан Қалжан, "Астана Балет" театрының артисі:

- Бұл партия негізі өте ерекше партия. Бұл жерде сен бір ғана амплуамен шектеліп қалмай, өзіңді әр қырыңнан көрсетесің. Өйткені сен жастайыңнан жетім қалып қаласың. Сол жүрегіңе сақталып қалған кегің, өшің, қиналғаның бәрі, анаңа деген сағынышың, махаббатың және бірінші рет қызды көріп қалып, ғашық болып қалады.

Махаббаттың символы Баян сұлу. Қойылымдағы ең тартымды кейіпкер. Дарина Қайрашева бұл рольді алып шығу үлкен жауапкершілік екенін айтады.

Дарина Қайрашева, "Астана Балет" театрының жетекші солисі:

- Баян сұлу партиясы мен үшін сүйікті әрі қиын рольдердің бірі. Техникалық тұрғыдан ғана емес, эмоциялық тұрғыда да ауыр. Өйткені көрерменге махаббаттан бөлек, қасіретті де жеткізу керек. Ең бірінші сахнадағы өмірге өзіміз сенуіміз керек. Жалпы қойылым сезім мен жеккөрушіліктің, мейірім мен зұлымдықтың бақталасына құрылған. Мұнда таңдау еркіндігі баяндалады. Баянсыз махаббат құрбандарының тағдыры көрерменді бейжай қалдырмасы анық.

Күллі қазаққа аян лиро-эпостық жырды би тілінде ұғыну ерекше сезім. Ұлттық бидің классикалық балет пен заманауи техникамен үйлесуі махаббат пен зұлымдық тартысына күш беретіндей. Оны театрға кеп сезіну керек. 

Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров