Отандық туризм жарнамаға зәру

Алайда музейтанушылардың пікірінше, отандық туризмді тарихи қорықтар арқылы дамытуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені ел бойынша музейге келушілер саны жылына 6 миллионға жуықтаған. Қазақ жерінің тұмса табиғаты мен тарихи жерлерін көруге алыс-жақын шетелден саяхатшылар ағыла бастаған. Елорда іргесіндегі Бозоқ тарихи-мәдени музей қорығына шеттен келетіндер көп. Әсіресе, жазда жұмыс қызады. Себебі саяхатшылар дәл осы кезде ағыла бастайды. Болашақта қыста да демалатын орындар ашу жоспарда бар.

Қажымұрат Төлегенов Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми қызметкері:

Біздегі қыста да жанды болады міндетті түрде. Өйткені қыста қармен сырғанау, коньки мысал,ы шаңғымен сырғанау алдағы уақытта жоспарларымыз бар. Әрине кейінгі планда, өйткені ең басты жоспарда біз музей қорықты салу, оны бекіту. Ең басты құрылыстары жаңағы визит орталығы.

Музейдің ғылыми қызметкері Қажымұрат Төлегенов «Бозоқ қалашығы этнопарк ретінде қалпына келсе, қазақтың 5000 жылдық тарихы толық қамтылады», – дейді. Айтуынша, мұнда квест түрінде дәстүрлі ойындар өткізілмек. Театрландырылған көрініс қойылады. Туристер үшін қыштан бұйым жасайтын шеберхана ашылып, атпен жүруге де жағдай жасалады.

Қажымұрат Төлегенов Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми қызметкері:

– Біздің жоба негізі тарихи туризмге арналған жоба. Сондықтан біздің осы жоба аясында, кез келген турист келетін болса, оған барлық жағдай жасалады, кішкене баладан бастап үлкен адамдарға дейін, осы жоба аясында өздерінің қалаған нәрсесіне қол жеткізе алады. Өздері қандай қызығушылық танытады соларға мүмкіншілік болады.

Бір бұл емес, Ұлытау музей қорығы аймағына кіретін Алаша хан, Жошы хан ескерткіштері, Есік музей қорығы, Абай музейі мен Сарайшық қорығының өзі қазақ тарихынан сыр шертіп тұр. Алайда саяхатшыны қызықтырып шақыратындай маркетинг жоқ. Басқасын қойғанда ағылшын тіліндегі жарнама кемшін.

 

Нұрсерік Жолбарыс, музейтанушы:

Мысалға айтатын болсақ интернет ресурстарының өзі бізде екі тілде ғана қалып отыр. Қазақ және орыс тілдерінде. Ал туристер әртүрлі мемлекеттерден келеді ғой. Ағылшын, қытай, араб тілдерінде болсын, оларға маркетингтік осы тілде сөйлейтін азаматарға маркетингтік жасалмаған бізде. Бүгінгі уақытта музей ісінде музей құндылықтарын насихаттау үшін шетелдік тәжірибелерді енгізіп жатыр және отандық тәжірибелерді зерттеп оны дамыту жұмыстары қолға алынып отыр.

Мамандар 2030 жылға дейін музей-қорықтарды дамыту концепциясын әзірлеген. Болашақта сол арқылы да елді әлемге таныта түсу мүмкін болмақ.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерасыл Советбекұлы, Ерзат Зайтхан, Ержан Рахманбердиев