Көкшетауда ұлт ұстазының ұлы мұрасы насихатталды 

Ақмола облысында биыл бір колледж бен бірнеше мектепке қазақтың көрнекті ғалымы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы есімі беріледі. Бұл туралы бүгін атақты ағартушының мұрасын насихаттауға арналған Көкшетаудағы халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып жатыр. Ұлт ұстазының ұлы мұрасын ұлықтауға Көкше жеріне бүгін ғалымдар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды,

Тіпті көрші Өзбек елі мен бауырлас Түркиядан да зерттеушілер келген. Олар Ахмет Байтұрсыновтың бұған дейін жария болмаған шығармашылығы мен өміріндегі тың деректерді ортаға салды.

Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы:

– Тікелей Көкшетауға келетін болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы 1902-1904 жылдары Омбы қаласында халық ағарту мектептерінің директоры Аллектровтың іс жүргізушісі, кеңесшісі боп қызмет жасаған. Міне, сол уақытта Көкшетау Омбыға қараған. Сондықтан Көкшетау өңіріне Ахмет Байтұрсынұлының табаны тиген, белгілі бір қатысы болған деп айтуға болады. 

Конференцияға қатысқан облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, бүгінде өңірде Ахмет Байтұрсынұлын мәңгілік есте сақтау үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде аймақта ағартушы атындағы 22 көше бар. Ал жоғары оқу орындарының бірінде ақынның еңбектері кеңінен зерттеліп жатыр.

Сәбит Жәмбек, филология ғылымдарының кандидаты:

– Бұл жай ғана бір мерейтойдың кезінде ғана еске алынбайды. Біз жалпы өзіміздің мынау бағдарламаларымызда, әрбір курста, ғылыми пәнде бұл Ахаңның орны, оның еңбектерінің салмағы талданып, зерделеніп, үнемі оқытылады, үйретіледі мынау болашақ ұстаз мамандарға.

Ұлт ұстазының мұрасын насихаттау мұнымен шектелмейді. Айталық, облыс бойынша «Ахмет тағылымы» онкүндігі, «Ұлттың рухани көсемі» атты тарихи сағаттары мен әдеби кештер, сондай-ақ тарихшы-өлкетанушылардың форумы да өткізіледі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный