456,05 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркі әлеміндегі ақпарат саласының алыптары кездесті

  • 167
  • UPD: 23:00, 14.05.2022

Телехикаялар мен фильм өндірісі, цифрлы болашақ - метағалам, ақпарат және медиа саласында ынтымақтастық. Ыстамбұлда басталған Түркі мемлекеттері ұйымының медиа және ақпарат саласына жауапты министрлер отырысында осы тақырыптар қарастырылды.

Ыстамбұлда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің медиа және ақпарат саласында жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғалардың құрылтайы өтіп жатыр. Төртінші рет ұйымдастырылған халықаралық жиында медиа және ақпарат саласындағы өзекті мәселелер мен тың бастамалар, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша келіссөздер өтті. Бастысы, жалған ақпаратпен бірлесіп күресу және медианы манипуляция құралына айналдырмау жолдары қарастырылды.

Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Біріншіден, көп назарды фейкнюсқа аударды. Жалған ақпаратпен қалай күресеміз және осы бағыт бойынша жұмысты қалай ұйымдастырамыз. Негізгі біраз нәтиже, шешімдер бар. Екіншісі біздің мемлекеттерде қандай мерекелік күндер бар. Ұлттық күндеріміз бар. Оны бірігіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бойынша да талқылау болды. 

Халықаралық отырысқа Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған арнайы сәлем жолдады. 

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті: 

- Осындай жиындар арқылы жалған ақпаратқа қарсы күрес, ақпарат қауіпсіздігі, ұлттық технологияларды дамыту және ортақ мәдениетті негізге алған фильм, телехикаялар түсіру бойынша ынтымақтастық одан әрі нығаятынына үміттімін.

Үш күн жалғасатын медиафорумға "Хабар" Агенттігінің Басқарма төрағасы Берік Уәли қатысып, арна мәдени, тұрмыстық немесе тарихи тақырыптарда бірлескен жобалар жасауға дайын екенін жеткізді.

Берік Уәли, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасы:

- Біз түркі тілдес елдердің хабар тарату ұйымдары арасында телеөнімдер көрсетілімін ұйымдастыруға, хикаялық өнімдер өндірісін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру бойынша нақты шараларды ұсынамыз. Агенттік телеарналарының достас елдердің аумақтарында көрсетілімін ұйымдастыру жағына да баса назар аударғым келеді. Қазіргі таңда біз «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарын Turksat 3A және Azerspace жерсеріктері арқылы Түркия мен Әзербайжанда көрсету мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Өзбекстан аумағында да арналарымызды таратуға рұқсатнама алуға қызығушылығымыз зор.

Жиын аясында ақпаратқа жауапты министрлердің екі жақты кездесулері өтіп, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша келіссөздер жүргізді. 

Фахреттин Алтун, Түркия Президенті Әкімшілігі байланыс басқармасының басшысы: 

- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары барысында қабылданған шешімдерді жүзеге асыру бойынша келіссөз жүргіздік. Жаңалықтар, телехикаялар мен фильмдер түсіру, қоғамдық дипломатия саласында бірлесіп жұмыс жүргізу, тәжірибе алмасу бойынша пікір алмастық.

Жиынға түрік әлемінен БАҚ және коммуникация мекемелерінің менеджерлері, сарапшылар, өнер иелері мен ғалымдар қатысты. Шара аясында, цифрлы технологиямен жабдықталған стенд пен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің коммуникация институттарының қызметі туралы ақпарат берілді. 

Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы