Павлодарда Dombyra Fest апта сайын өтеді

Ертіс өңірінде «Домбыра фест» апта сайын ұйымдастырылатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы екі жыл үзіліп қалған еді. Бұл шараны шығармашыл жастар өткізеді. Бастапқыда шағын аулалар мен саябақтарда өтетін. Қара домбыраның күмбірі енді халық көп жиналатын Ертіс жағасында да естілмек. Облыстың дәстүрлі музыканттары да атсалысып, қазақтың күй-термелерін насихаттап жүр. Биылғы жылдың алғашқы шарасына ондаған әнші мен күйші қатысып, қалалықтар мен қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, ең алғашқы фестиваль он жыл бұрын өтті. Игі дәстүр енді қайта жанданды.

Данияр Жұмаділов, Dombyra Fest ұйымдастырушысы:

– Осы орталық жағажайға келіп, бейресми түрде еркін түрде домбырамен ән айтып, күй ойнасақ деген ниетіміз бар. Басты мақсат – қазақтың қара домбырасының қасиетін арттыру, елге ұлттық өнерді насихаттау, халыққа өз өнерін паш ету.