Алматыда «Музей түні» тұрғындарға ерекше әсер қалдырды

Алматы тұрғындары өткен ғасырға сапар шекті. Қалалық музейлер берлестігі «Музей түні» акциясын ұйымдастырып, мыңжылдық жәдігерлерге жан бітірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сақ дәуірі, Орта ғасыр, Қазақ хандығы мен Кеңестік кезеңнен қалған экспонаттар арнайы актерлардың қатысуымен келушілерге жаңа қырынан көрсетілді. Мәдени-танымдық іс-шара қаланың жеті музейінде өтті. Мысалы, тарихи кезеңдерге байланысты 11 залдан тұратын Алматы музейінің іші мен сырты келушілерге лық толды. Сақ дәуіріндегі ханшайым мен орта ғасырдың киім үлгілерін киген қызметкерлер мен еріктілер тұрғындарға әр кезең туралы ақпарат берді. 

Бану Мәдіқұл, гид:

– Орта ғасырда Ұлы Жібек жолы Қытай мен Еуропаны жалғаған алтын көпір болды. Осы жолда бізде көптеген сауда орындары пайда болған болатын. Осы орта ғасырда дирхемдер пайда бола бастаған болатын.

Сара Шәкейқызы, гид:

– Жетінші, сегізінші ғасырларда киген қазақы киім. Бұл мендегі киім 50 жастан асқан әйелдердің киімі, мынау жас қыздардың киімі.

Ал музейдің алдында ретростильде киінген қыз-жігіттер 70, 80-ші жылдардың әндерін орындап, би билеп тұрғындар жастық шақтарын еске алды. Кешкі сағат жетіде басталған мәдени шара түнгі 11-ге дейін жалғасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәдігерлерге жан бітіріп, жаңаша қырынан көрсету жастардың қызығушылығын арттырады екен. Сондықтан болар келушілердің арасында студенттер мен мектеп оқушылары көп болды.

Алғашқы «Музей түні» 1997 жылы Берлинде ұйымдастырылған. Жақсы бастама қазір әлемнің 150-ден аса елінде дәстүрлі түре өтіп тұрады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон